“Билік жоқ“. Әлихан Бәйменов қазір немен айналысып жүр?

Мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бәйменов "Әйгерім Сейфолланың сырласуына" берген сұхбатында қазір немен айналысып жүргенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қоғам қайраткері бүгінде ұстаздық жолына түскен.

"Кеше ғана аудан әкімдеріне дәріс оқығанда айтқан едім, "Үлгілі ұстаз шәкірттік сезімді өмір бойы сақтап қалады" деп айтып жүремін. Осы жұмыспен айналысып жүргеніме 10 жыл болды, маған ұнайтын себебі - билік жоқ, халықаралық ұйым, аз адаммен, бірақ көп ұйыммен жұмыс істейсің, ғылым мен тәжірибенің ұштасқан жері. Ал мен өзім 1988 жылы техника ғылымы кандидатын қорғаған адам болғандықтан, бәрібір де маған ғылыми жұмыс жақын. Сондықтан бұл шығармашылық ләззатқа жақын", - деді ол.

Әлихан Бәйменов өзін бұрынғы шәкірттері сыйлап, қонаққа шақырып тұратынын жеткізді.

"Өзін менің шәкіртім деп есептейтін азаматтар бар, шүкір. Олар өмірдің әр кезеңінде қатар жұмыс істеген адамдар. Бірақ мен олардан бұл туралы жария етуді күтпеймін де, талап етпеймін де, себебі саяси ортада болған соң, әсіресе олар үлкен лауазымды мемлекеттік қызметте болса, біздің саяси жүйенің ерекшелігін ескереді. Олар бұл туралы жария қылып айтпаса да, таяуда ғана менімен қызметтес болған бір топ азамат шақырды, сонда бойыңды бір жақсы сезім билейді", - деді ол.

Айта кетейік, Әлихан Бәйменов - Қазақстанның мемлекет қайраткері, Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитет төрағасы. 1981 жылы Қарағанды политехникалық институты, инженер-механик мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1981-1992 жылдары ғылыми және педагогикалық жұмыспен бастаған. Қазақстан Республикасы премьер-министрі кеңсесінің басшысы, ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы қызметтерін атқарған. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!