Құқық қорғаушы, заңгер Айгүл Орынбек елдегі дін, хиджаб кию тақырыбына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол билік басында елге қауіп төндіретін ағымдағы адамдар бар екенін айтқан.
"Биліктің басында әлі де елге қауіп төндіретін ағымдағылар отыр. Қаңды қаңтардан кейін террористерге жақын жүретін төрт аяқтылар жан жаққа тарақандар сияқты қашып еді. Крышалары "елге қайта беруге болады" деді ме, әйтеуір көз жанарларын өзгертіп елге қайта келе бастады. Олар сыртта қашып жүргенде де жай жүрген жоқ, іште жүрген миында тауықтың миындай миы жоқ жұлдыздарды ақшаға "хиджап" кигізе бастады. Жәйлап қоғамның өздеріне көзқарасын өзгертті. Яғни олар қазақты арзан әңгімеге, өсекке, әдемі өмірге, болмайтын дүниелерге құмар екенін біледі. Қазақты алдауға көнетін қараңғы халық екенін тереңнен зерттеген. Яғни қазақ халқын құлдыратып, жоқ қылып жіберу әдіс-тәсілін жақсы меңгерген", - деп жазды ол.
Сондай-ақ, ол мектепте хиджаб кию мәселесін де көтерген.
"Оларға мемлекет байлығын, қазынасын сұрайтын көзі ашық халық емес, миы уланған қараңғы, топас халық керек! Қыркүйек келсе болды "хиджаб" мәселесі көтеріледі. Біз дамыған елдер сияқты берілетін білім мен тәрбие, мектептерге бөлінетін қаржыларды, оның ішінде оқулықтардың сапасы жайлы қашан талқылаймыз. Халқым болмайтын арзан дүниелерге, өсек-төсек әңгімелерге құмар бола бермей, елдігімізді сақтап қалатын тақырыптарға зейін салыңыздар! Бұл елді сақтап қалу өзіміздің қолымызда!" - деп жазды заңгер.
Айта кетейік, бұған дейін Үкімет отырысында Ғани Бектайұлына "хиджаб киюуге рұқсат бересіздер ме, жоқ әлде бермейсіздер ме" деген сұрақ қойылған болатын. Министр бұл сұраққа жауап беруден жалтарды. Кейінірек кулуарда оқу-ағарту министрі қоғамда дау туғызып жатқан мектепте хиджаб кию тақырыбына қатысты тағы да пікір білдірді.
Заңгер Айгүл Орынбек хиджаб киетін өнер иелерін де сынға алған.
"Ақша үшін киініп, қаншама жастардың миын улап адастырып, ақшасы біткен соң "мен адасыппын" деп шешініп, білгенін істеп жүрген жұлдыздардың қоғам лайықты жазасын беріп отыратын уақыт келді! Қоғамды оның ішінде жастарымызды адастырмай сақтап қалу өз қолымызда! Жабық киініп, әдемі сөйлегендердің бәрі иманды емес! Ел басына күн туғанда сол әдемі сөйлеп, сауысқандай сайрағандар бірінші елден қашатынын ұмытпайық ағайын! Бұл жолы Білім министрі неге нақты жауап бере алмай, қоғам шулаған соң ғана пікір білдірді? Яғни халықтың тамырын жәйлап басып көрді, қоғамның қараңғылыққа түсіп, миы уланып кетпегенін тексеріп көрді! Біз неге соңғы уақытта Ауғаныстан елімен ынтымақтастық орнатқыш болып кеттік? АП-да адасып жүрген зомбилердің біреуі отырған соң ба?" - дейді ол.
Еске салайық, бұған дейін де танымал тележүргізуші Динара Сәтжан да хиджабқа қатысты ойын білдірген болатын.
"Өз басым дәстүрлі қазақы исламды қолдаймын. Жұма күні - шелпек. Құран бейіттің басында. Қырқынан шығару және тұсау кесер. Біздің өз мәдениетіміз бен дәстүріміз бар. Кейінгі ұрпаққа жеткізетін тарихымыз бар. Санаулы онжылдықтар, тіпті жылдардан кейін қазақ қыздары қара хиджаб киіп жүрсе ше?! Қалайтынымыз сол ма? Сондықтан бұл мәселені көтергім келіп отыр. Себебі блогерлерге хиджаб кию үшін қомақты ақша ұсынылғанын естідім. Бұл мені қорқытады", - деп жазған еді ол парақшасында.
Оның бұл мәлімдемесі қоғамда дау туғызды. Кейінірек Баян Мақсатқызы да оранған қыздар тақырыбына қатысты пікір білдірді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!