- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Билік әділ болғаны...
Билік әділ болғаны маңызды - Вячеслав Локшин
Қазақстанның бас репродуктологы, акушер-гинеколог, ғалым әрі қоғам қайраткері Вячеслав Локшин - ER-BATYR жобасының жаңа қонағы.
Ол Қазақстандағы денсаулық сақтаудың жай-күйі, МӘМС жүйесі неліктен үмітті ақтамағаны, қазақстандық дәрігерлер науқастар алдында неге қорғансыз болып шыққаны, неліктен ерлердегі бедеулік деректерінің саны артып жатқаны туралы, сондай-ақ, Қазақстанның болашағын қалай көретіні және билік пен халық арасындағы өзара түсіністік, адалдық соншалық маңызды екенін ашық айтты.
Жаңа шығарылымды ER-BATYR YouTube-арнасынан тамашалай аласыздар. Жоба серіктесі - Tele2 ұялы байланыс операторы.
Вячеслав Нотанович Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесі қандай проблемалармен бетпе-бет келгені және оның қазіргі жағдайын айтып берді.
"Әлемде, мысалы, Сингапур мен Израильді қоса алғанда, бәрі өз денсаулығына риза болатын бірде-бір ел жоқ. Барлығы "иә, жақсы, бірақ..." дейді. Барлық елде осы "бірақ" әртүрлі. Әрине, Қазақстанда көптеген проблема бар, біз қатты артта қалдық. Әсіресе, 90-жылдар мен Кеңес Одағы салдарынан, біздің денсаулық сақтау жүйеміз жақсы және бізде бәрі бар деп саналды, жабық болды. Біз аспирин мен пенициллинмен емделдік. Бірақ содан кейін, әрине, әлем өзгергені, заманауи технологияларды, биотехнологияларды, заманауи дәрі-дәрмектерді қолданатыны белгілі болды, бірақ мұның бәрі арзан тұрмайды. Бірнәрсе жасауға тырысқан кезде үнемі ақша тапшылығы болды. Әрине, ақшасы барлар шетелге емделуге кетті. Бірақ уақыт өте келе денсаулық сақтау саласының дамуына назар аудара бастадық. Бүгінде әлемдегі ең заманауи дүниелердің барлығын бізден де табуға болады дей аламыз", - дейді ол.
Сондай-ақ, профессор отандық медицина алдында тұрған мәселелерге толық тоқталды:
"Шешуге болатын көптеген мәселе бар: бізде алғашқы медициналық-санитариялық көмектің ролі туралы көп айтылады, бірақ ол әлсіз, адамдар оған сенбейді, сондықтан жұрт жеке клиникаларға барғанды жөн көреді. Сондай-ақ, бізде дәрігерлерге бейресми төлемдер өте көп жасалады. Теория бойынша, әлеуметтік сақтандыру бұл процесті тоқтатуы қажет еді. Өйткені адамдар төлеп қойса (МӘМС қорына - еск.), оларға тегін көмек көрсетілу керегін түсінуі керек еді. Алайда бұл мәселе шешілген жоқ. Тағы бір мәселе - медицина ғылымының дамуы, бұл баяулап қалды. Білім беру саласына қатысты көптеген сұрақ бар, біз толық дайын дәрігерлер дайындамаймыз. Дәрігер мәртебесіне қатысты бізде үлкен проблемалар бар. Бізде дәрігер деген кім? Жалақы бойынша тазалаушы алатын жалақымен бірдей мөлшерде алады. Дәрігер болып жұмыс істеу асқан беделді білдірмейді, мәртебесі төмендеді. Мемлекеттік клиникаларда да, жеке меншік клиникаларда да бізде тағы бір әлсіз жер бар, бұл - қызмет көрсетуге қатысты. Өзім аурухана төсегіне таңылғанда, дәретханалар, жуынатын жерлерді көріп, таңғалдым. Менің ойымша, біз салатын ауруханалар 3-4 жұлдызды қонақүй секілді болуы керек. Өйткені дені сау адам қонақүйде тұрса, бұл басқа, ал науқас ауруханаға түскен кезде жағдай жасалуы керек. Бес орындық бөлме мен дәліздегі дәретхана, бұл - нонсенс, әлі күнге дейін көшеде дәретханалар бар".
Жоба қонағының айтуынша, кейінгі кезде ерлер бедеулігі дерегі артқаны байқалады.
"Жасанды ұрықтандыру орталықтарына келгендердің 50 пайызы - ер адамдар. Әйел бедеулігі тұрақты болса, еркектердің бедеулігі артып бара жатыр. Ер адамдарда туындайтын проблемаларды көбірек байқап отырмыз. 90-жылдары зерттеу басталды, осыған орай ер адамдар тексерілді, бұл 10 жылдан кейін қайталанды, осылайша, спермограмма көрсеткіштері нашарлай түскен байқалды. Тағы бір қызығы - донорлар жиынтығын жариялаған кезде, 35 жасқа дейінгі 100 ер адамның ішінен 10-12-ден ғана таңдай аламыз. Ерлерде қауіпке ұшырататын көптеген фактор бар - ішімдік, темекі шегу, ұзақ уақыт көлік жүргізу, өндірістің зиян әсері. Шынында да, бүгін ер адамдарға қамқорлық жасау, тексерістен өткізу, андрологиялық көмекті қолжетімді ету керек", - дейді ол.
Сондай-ақ, Вячеслав Натанович Қазақстанды болашақта қалай көретінін, халық пен билік арасында өзара түсіністікті қалыптастыру неліктен маңызды екенін айтып берді.
С. Бөлек"Қазақстан билік пен қоғам арасында керемет түсіністік пен адалдық орнаған ел болғанын қалаймын. Билікті сеніп тапсырғандар осы халыққа тиесілі нәрсені ұрлауға тырыспауы үшін елде мынадай болуы керек: кім шынында да жұмыс істейді, тыныш өмір сүреді және дамиды, ал жұмыс істемейтін және істегісі келмейтін адам болса, қоғам бұған назар аударуы керек. Себебі бізде 3 миллион адам МӘМС қорына төлемейтіні белгілі болды. Қоғам мүмкіндігінше әділ болуы керек. Бүгінде солтүстік елдерде - Швецияда, Норвегияда, Данияда бар нәрсе, менің ойымша, өте жақсы үлгі. Онда өз байлығымен мақтанбайды, онда басқаларға көмектесу және жұмыс істеу дұрыс. Сондай-ақ, ел қауіпсіз болуы керек, бұл да өте маңызды. Біз ашық және қауіпсіз қоғамда өмір сүруіміз керек", - дейді ол.