Желіде Алматы-2 вокзалының маңында жүріп бара жатқан Алматы-Орал бағытындағы жолаушылар пойызының төбесінде жатқан ер адамның видеосы тарады, - деп хабарлайды Мassaget.kz.
Көліктегі полиция басқармасының баспасөз қызметі оқиға 24 шілде сағат 22.45-те болғанын хабарлады.
"Алматы-1" вокзалындағы кезекші бөлімшеге "Алматы-Орал" пойызының төбесінде жатқан ер адамның кесірінен машинист "Алматы-2" вокзалында пойызды шұғыл тоқтатқаны туралы хабарлама түскен.
"Көлік полицейлері пойызды тоқтатқаннан кейін құқықбұзушы акт бойынша вагонның төбесінен түсірілді. Тексеру барысында 47 жастағы Батыс Қазақстан облысының тұрғыны анықталды. Жауап алу барысында ер адам билет алуға ақшасы жоқ болғандықтан, пойыздың төбесінде үйіне қайтуды ұйғарған", - деді полиция.
Ер адамға ҚР ӘҚБтК-нің 560-бабы ("Темір жол көлігін пайдалану қағидаларын бұзу") бойынша 5 АЕК (15 900 теңге) көлемінде айыппұл салынды.