Бибісара Асаубаева Гран-при кезеңінде тағы жүлде жеңіп алды

Шымкентте Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) әйелдер арасындағы 2024-2025 жылғы Гран-приінің екінші кезеңі аяқталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тоғыз турдан кейін Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы, 45-Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының күміс жүлдегері Бибісара Асаубаева (2487) 3-орын иеленді.

Еске салайық, Бибісара Тбилисиде өткен Гран-придің алғашқы кезеңінде күміс жүлдеге қол жеткізген.

Осы жолы Шымкентте Александра Горячкина (2533) 7 ұпай жинап, жеңіске жетсе, одан жарты ұпай аз жинаған әлемнің экс-чемпионы Тань Чжунъи (Қытай, 2551) екінші орын алды.

Әйелдер арасындағы ФИДЕ Гран-приі - жүлде қоры қомақты турнир. Алты кезеңнің әрқайсының қоры 80 мың еуроға тең. Бірінші орын алған шахматшыға оның 18 мыңы табыс етіледі. Екінші орынға - 13 000 еуро.

Бүкіл турнир сериясының жалпы жүлде қоры - $600 000, оның $120 000 жалпы есепте үздік болған он ойыншыға үлестіріледі.

Ал серияда жеңіске жеткен жағдайда әлемдік шахмат тәжін иеленуге жол ашылатын келесі үміткерлер турниріне (FIDE Women’s Candidates 2026) жолдама алуға болады.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!