"Пеш сөніп қалмасын деп уайымдап, түнімен ұйықтай алмайтынмын", - дейді Астана тұрғыны Жаңыл Жүнісова. Ол балаларымен бірге "Қырқыншы станция" деп аталатын Теміржол тұрғын алабындағы жеке үйлердің бірінде тұрады.
Жаңыл Зекенқызы 36 жылдан бері қыс болса қиналып шығады. Көмір, отын іздейді, оны сатып алады, үйге жеткізуі бар, оның үстіне солтүстіктің сақылдаған сары аязында үй суып кетпесін деп түнімен көз ілмейді. Елордалық ана Астана мен Алматыда үйлерге тегін газ өткізу жобасының қатысушысы болмағанда, бұл бейнет әлі күнге дейін жалғаса берер еді. Жүнісованың үлкен отбасы Жаңа жылды биыл алғаш рет от жақпай, күл шығармай қарсы алмақ. Бұл туралы Tengrinews.kz материалынан толығырақ біле аласыз.
Жаңыл Зекенқызы – бес бала тәрбиелеп отырған көп балалы ана. Бұл үйде ол 36 жылдан бері тұрады. Ол мұнда табиғи газ келгенге дейін үйді сатпақ болған, өйткені жалғыз өзіне үйдің сыртқы шаруаларымен айналысу қиын болып жүрген еді.
"Екі жыл бұрын күйеуім өмірден өтті. Жұбайымның жүрегіне көптеген ота жасалып, мүгедектікке шығып, ұзақ жылдар бойы ауырды. Соңғы кездері ол тек оттегі жастықшасының көмегімен ғана тыныс алып жатты. Оған үнемі күтім қажет болғандықтан, жұмыс орнымды ауыстырдым, өйткені қолымның бостау болғаны өте қажет болды. Бірақ, өкінішке орай, күйеуімнің жағдайы жылдан-жылға нашарлап, 2021 жылы қайтыс болды. Содан кейін мен бұл үйді сатпақ болдым. Бірақ 1958 жылы салынған үй ескі болғандықтан, сатып алушылар болмады", - деп бөлісті әйел.
Үй сатылмаған соң, астаналық әйел үйді өз күшімен ретке келтіруге шешім қабылдады. Ең маңызды мәселе табиғи газ кіргізу болды.
Жаңылдың айтуынша, ол көп балалы отбасы ретінде әлеуметтік көмек алу үшін екі рет кезекке тұруға тырысқан, бірақ бұл әрекеттер сәтсіз болды, қандай да бір себептермен оны тізімнен алып тастаған.
Көп балалы ана үмітін үзіп, үйге газды өз қаражатымен кіргізбек болды. Бірнеше газбен жабдықтау фирмалары оған 700 000 теңгеден миллионға дейінгі сомада көгілдір отынды қосу қызметтерін ұсынды.
"Газ өткізу бағасының ең арзаны 700 мың теңге болды. Бұл – мердігер жұмысының ақысын есептемей, тек материалдар мен жабдықтарды сатып алуға кететін қаржы. Менің жақсы таныстарым болғандықтан, олар өз қызметтері үшін ақы алмауға келісті. Бірақ бұл қаржыны табудың өзі мен үшін оңай емес еді. Қалай да үйге газ кіргізем деп алдыма мақсат қойған соң, несие алмақ болдым, бірақ маған бермеді", – деді Жаңыл.
Жаңылдың айтуынша, сол кезде ол шарасыздықтан жылағысы келген. Содан кейін өз-өзіне келіп, көмір мен отын іздеуге кірісіпті.
Жаңыл Жүнісова қыс мезгілінде аумағы 68 шаршы метр үйін жылыту үшін шамамен 5-6 тонна көмір қажет екенін атап өтті.
"Бір тонна көмірдің құны – 20 мың теңге. Тиісінше, көмір сатып алуға 100-120 мың теңге қажет. Сонымен қатар сатып әкелген көмірді үйге жеткізу үшін 15-20 мың теңгеге жүк көлігін жалдау керек. Оның үстіне көмірді түсіретін адамдарды табу керек. Бұдан бөлек, кейде спасыз көмір тап болады, оны жағу үшін араластыруға тағы көмір алу керек. Мұның бәрі қосымша шығындар", - деп бөлісті әйел.
Жаңыл Зекенқызы көмір жағудың ең қиын тұсы қыстың ұзақ түндерінде үйге түтін шығып кетпеу үшін қайта-қайта оянып, пешті тексеріп тұру екенін атап айтты.
"Мен түнімен ұйықтамаймын, өйткені пешке көмір салып отыру керек. Үй суық болған соң, таңертең балалар оқуға әрең тұрады. Тіпті киімшең ұйықтаған кездері де болды. Пешті үнемі тазалап, күлін алып тұру керек. Сонымен қатар үгілген көмір болса, маздап жану үшін оған су араластыру керек. Әйтпесе, ол жанбайды немесе отты сөндіріп тастайды. Егер үлкен кесектер болса, онда олар бірден жанып кетеді де, үйдің іші ыстық болып кетеді", - деді ол.
Жылыту маусымы басталғанға дейін Жаңыл отқа тамызық қылу үшін ағаш паллеттер сатып алды.
Күздің қоңырсалқын кештерінің бірінде Жаңыл Зекенқызына Halyk Bank-тен қоңырау шалып, үйге газды тегін өткізетіндерін айтты. Басында сене қоймады, өйткені бұған дейін газ кіргізуге материалдық көмек сұраған әрекеттерінен еш нәтиже болмаған еді.
"Білесіз бе, таңертең үйді өлшеу үшін мердігер ұйымның өкілдері келіп тұр. Түскі астан кейін олар жөндеу жұмыстарын жүргізе бастады. Барлығы тез жасалды. Мен өз көзіме сенбедім, тіпті түс көріп жүргендей әсерде болдым. Үйімде газ бар, енді көмір жағып, күл шығарудан құтылдым деген арманның жетегінде жүрмін. Біздің ауылдың белсенділері менің аты-жөнімді Halyk Bank тегін газ өткізетін жүз отбасының тізіміне енгізіпті. Halyk Bank-ке, әкімдікке және біздің белсенділеріміз Ким Вероника Васильевнаға, Құсайынова Бакарам Темірғалиқызына, Мұхамеджанова Зайра Төлегенқызына үлкен алғысымды білдіремін", - дейді көп балалы ана.
Жаңыл Зекенқызының үйі табиғи газ желісіне биылғы жылдың 25 қазанында қосылды. Әйелдің айтуынша, қазір ол жұмысқа кеткенде үйге алаңдамайды, ал таңертең жып-жылы үйде жақсы көңіл-күймен оянады.
"Шынымды айтсам, дәл осылай жақсы өмір сүруге болады деген ой былтыр менің ойыма кіріп те шықпаған болатын. Мен 56 жастамын, енді ғана өз үйімде рахаттанып өмір сүріп жатырмын деп айта аламын. Енді жұмысқа кеткенде пеш сөніп қалады, түтін шығады деп еш алаңдамаймын. Көмір толы ауыр шелектер, шаң, күл, от жағудың бейнеті енді артта қалды. Қазір тіпті тырнақтарыма маникюр жасай аламын", - дейді әйел қуанышын жасыра алмай.
Ас үйге барып, газ плитасына шайнекті қойған Жаңыл Зекенқызы бізді дастархан басына шақырды.
"Енді шайды асықпай ішуге болады. Түймені бассаң болды, үйдің іші ұядай жып-жылы болып тұрады", - дейді ол.
Газдандыру жобасы Halyk-тың 100 жылдығына арналған "100 игі іс" ауқымды акциясы аясында жүзеге асырылуда. 2023 жылы банк қаражаты есебінен Алматы мен Астанадағы аз қамтылған отбасылардың 230-ға жуық тұрғын үйлерін толықтай газға қосу, қаржыландыру жоспарлануда. Бұған дейін Halyk Алматыда жалпы сомасы 92 млн теңгеге 100 жеке үйді толықтай газдандыруды қаржыландырған, сондай-ақ тұрғын үйлерге газ жүргізуге жеңілдікпен кредит берудің жеке бағдарламасын іске қосқан болатын.
Серіктестік материал