- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Бейнекамераға қарап кешірім...
"Бейнекамераға қарап кешірім сұрап, жазадан құтылып кетпеу керек" - депутат тойда оқ атқандар туралы
Нартай Аралбайұлы Мәжілісте Алматы облысында тойда оқ атқандардың мәселесі туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Қазақ "Біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді" дейді. Өкінішке қарай, тойып секіріп, ақшаның буы ұрғандар өздерін өзгелерден биік қоятын ауруға шалдыққан. Оның емі қатаң жаза ғана. Нақты мысалы күні кеше ғана Алматы облысы Еңбекші қазақ ауданының Түрген ауылында болды. Үйлену тойының құрметіне серуенге шыққандар автомат пен тапаншадан оңды-солды оқ жаудырып, қаруды кезекпен алып оқ атып қызық қуған. Қымбат көлік, көп ақша заңды белден басуға мүмкіндік беретін бассыздыққа әкелмеуі керек, бұл бұлжымас қағида емес пе?
Алайда ауылдың ортасында жауған оқтан қорқып қашқан қарапайым халықты да, тәртіп сақшыларын да көзге ілмеген ойсыз тойшылдар құдды бір 90-шы жылдарда жүргендей қаруды қалағанынша қолданған. Онысын абырой көріп видео-фотосын әлеуметтік желіге жүктеген. Бұл дегеніңіз Тәуелсіз елдің Заңын елемеудің, жазасыз қалатындарына сенімді болудың көпе-көрнеу көрініс емес пе?" - деді ол.
Бұл оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ.
"Бірақ үрейленген халықтың көңілі күпті. Себебі сіз бен біздің ата-әжеміз, ата-анамыз, бала-шағамыз, бауырларымыз, отандастырымыз жүретін көшеде қызық қуып оқ жаудыруға кім рұқсат берді? Тағы бір сұрақ, ойсыз оқ атқандар автомат пен тапаншаны қайдан алған? Әлде оларға заң, құқықтық тәртіп жүрмей ме? Бұл - желіккен жастардың жәй ғана бұзақылығы емес, мемлекеттік тәртіпке, заңға ашық қарсылығы. Халықтан, елдің ішкі қауіпсіздігі мен қоғам тыныштығына жауапты құқық қорғау органдарынан еш айылын жимай, "Ал, не істеп аласың?" деп дөңайбат көрсетуі. Айтпақшы, азаматтардың өмірін қатерге тігіп ауылдың ортасында оқ атқандар бейнекамераға қарап кешірім сұрап жазадан құтылып кетпеу керек. Мұндай тәсілден елдің әбден ығыры шықты", - деді депутат.
Нартай Аралбайұлы мұндай жайт қайталанса кім жауап беретінін сұрады.
"Жаман әдет жұққыш келеді. Ертең бұларға еліктеушілер шығып, атыс ұйымдастырса не болмақ?! Сол себепті бұл заң бұзушыларға заңға сәйкес шара қолдану процесі көпке жария түрде жүруі тиіс. Аз күнде орта мектеп түлектері, түрлі оқу орындарының бітірушілері аттестат, диплом алу кештерін жаппай атап өтеді. Сол кезде де отшашу жасап, автокөлікпен жарысып жастарымыз апатқа ұшырап жазым болмауы үшін барлық жағдайды жасау керек. Түлектермен, ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізген жөн. "Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды" деген Бауыржан Момышұлының қанатты сөзі бәріміздің қаперімізде болуы тиіс", - дейді депутат.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова