Бейжіңде ерекше жартылай марафон өтті. Онда тарихта алғаш рет гуманоид роботтар адамдардан озып кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап.
Жарыс жеңімпазы Shandian роботы атанды, ол 21 шақырымды 50 минут 26 секундта бағындырды. Бұл ретте Lightning роботы қашықты бәрінен жылдам өтті - 48 минут 19 секунд, алайда жарыс ережелеріне байланысты ол ресми жеңімпаз деп танылмады.
Салыстырмалы түрде айтсақ, ерлер арасындағы жартылай марафондағы әлемдік рекорд угандалық желаяқ Джейкоб Киплимоға тиесілі - 57 минут 20 секунд. Бұл көрсеткіш наурызда Лиссабон жартылай марафонында тіркелген болатын.
Айта кетейік, бұдан бір жыл бұрын Бейжіңдегі мұндай жарыста ең үздік робот қашықты 2 сағат 40 минуттан аса уақытта жүріп өткен еді. Бұл технологияның қарыштап дамып келе жатқанын аңғартады.
Жарысқа мыңдаған адаммен қатар 100-ден аса компания мен зерттеу орталықтарының роботтары қатысты. Қауіпсіздік үшін трасса бөлінді: адамдар мен машиналар бөлек жолда жүгірді.
Роботтардың мүмкіндіктерін әртүрлі жағдайда тексеру үшін маршрут тегіс жерлерден бастап, өрлеу, бұрылыс және тар аймақтарға дейінгі беткейдің 10-нан аса түрін қамтыды.
Жарыс кезінде роботтардың бірі тіпті қимыл-қозғалыс пен дауыс арқылы пәрмен беріп, жол реттеушісі қызметін атқарды.
Кейбір роботтар қашықты бағындыра алмады: бірі стартта құлап қалса, екіншісі қоршауға соғылды. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, машиналардың шамамен 40 пайызы автоном түрде қозғалған, қалғандары қашықтан басқарылды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz