Бейжіңде эпидемиологиялық жағдай тұрақталды

Бейжіңде эпидемиологиялық жағдай тұрақталды
Фото: ©REUTERS

Бейжіңде кейінгі күндері тәулігіне тіркелген науқастар саны 10-ға жетпейді. Қытай астанасындағы эпидемиологиялық жағдайды "Хабар 24" меншікті тілшісі айтып берді, - деп хабарлайды "Массагет"

Телеарна тілшісінің сөзінше, Бейжіңде індеттің соңғы рет ушығуы шамамен 10 күнге созылды. 9 маусымнан бері ауру жұқтырған 370 науқас тіркелді. Вирустың таралуы ковидке шалдыққан тұрғынның шаһардағы бардың біріне барып қайтқаннан кейін басталған еді. Кейін тіркелген науқастардың көбі дәл осы бардың қызметкерлері немесе олардың жақын таныстары болып шықты.

"Індет анықталмай жатып бірер күн бұрын Бейжің билігі аймақтағы эпиджағдайдың оңалағанын жариялап, бірқатар мейрамхана мен ойын-сауық орындарын ашқан болатын. Тіпті мектептер мен балабақшалардағы офлайн оқуды да жандандырмақ болды. Бірақ бұл жоспар жүзеге аспады. Індетті өршітпеу үшін билік тұрғындарды жаппай тестілеуден өткізді. Одан бөлек, азаматтар қатаң карантинде отырды. Көптеген мекеме жұмысын тоқтатты. Қолға алған шаралар нәтижелі болып, билік қоғамдық орында басталған індет толық ауыздықталғанын хабарлады", - дейді ол. 

Бейжің мэриясының ресми өкілі Сюй Хэцзянь эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келетінін айтты.

"Алдағы уақытта да қауіпті жерлерді жіті қадағалап, карантин мен бақылауды күшейтеміз. Инфекция жұқтырғандар міндетті түрде оқшауланады", - деді Бейжің мэриясының ресми өкілі Сюй Хэцзянь. 

Жергілікті тілшінің айтуынша, ауру бақылауға алынса да, індетке қарсы қабылданған шаралар әлі де қатаң. Десе де, кеше метро мен кей тамақтану орындарының жұмысы толық жанданғаны белгілі болды. Әлі де карантинде отырған адамдар бар. Кейбір жерде тұрғын үй кешендері уақытша жабық.

Ал өзге өңірлердегі ахуалға келсек, коронавирус Шанхай қаласында әлі де қауіп төндіріп тұрғаны хабарланды. Одан бөлек, инфекция Қытайдың 8 ауданында анықталып жатыр. Көптеген қалада тұрғындар жүйелі түрде ПТР тест тапсырып, тексеруден өтіп жатыр. Яғни қоғамдық орындарға кіру үшін соңғы 2-3 күнде тапсырылған тест теріс нәтижесін ұсыну қажет.

"Кей шаһарда шет елден келгендер үшін карантин мерзімі қысқарып жатыр. Яғни мейман бір апта қонақүйде оқшауланса, екінші апта үйде отырады. Сонымен қатар белгілі бір санатқа жататын Қазақстан азаматтары Қытайға виза рәсімдей алады. Мысалы, жұмыс бабымен келушілер үшін немесе Қытайда жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың отбасы мүшелері және мемлекеттік органдар мен ірі компаниялардың шақырылуымен келгендерге виза беріледі. Жақын арада екі ел арасында тікелей әуе рейстер де жандануы керек", - делінген сюжетте.

G. Dosymshalova