БҚО-да шекараны заңсыз кескен, әскери бөлімнен қашқан ресейліктің соты өтті. Оған босқын мәртебесін беруден бас тартылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Мой ГОРОД" басылымына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, кеше Бөкей орда аудандық сотында Ресей азаматы Игорь Санжиевтің мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту дерегіне қатысты отырыс өткен. Ер адам наурыздың аяғында әскери бөлімнен қашып кетіп, шекараны заңсыз кесіп өткен. Өйткені, оның айтуынша, төлқұжатын бөлімде алып алған. Бұл іс ҚР Қылмыстық кодексінің 392-бабының 1-бөлігі "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын қасақана заңсыз кесіп өту" бойынша сотқа жіберілген.
"Қашуға мәжбүр болдым, бейбіт адамдарды өлтіргім келмейді. Өткізу пунктінен өте алмадым, төлқұжатым жоқ", - деген Игорь Санжиев сотта.
Санжиев сотта өкінетініне, сондай-ақ, өте қажет жағдайда құқықбұзушылыққа барғанына байланысты іс жүргізу келісімін қолдануды сұрады.
Кейінірек прокурор БҚО Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаменті жанындағы комиссияның шешімін жариялап, онда Игорь Санжиевке босқын мәртебесін беруден бас тартылғанын мәлімдеді.
Сотталушының айтуынша, комиссияның бұл шешімді шығаруына оның шекарадан өткен күні туралы жалған ақпарат бергені себеп болған. Ал ер адам күндерден шатасып қалғанын айтады.
Енді Санжиев апелляциялық шағым түсірмек.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!