Биыл ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бейбит жиналыстардағы, митингілердегі бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты талап пен ережелердің өзгертілгенін хабарлаған еді. Осыған дейін журналистер мен БАҚ қызметкерлерінің айырым белгілері, қағидалары айтылған еді. Бұдан бөлек ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2020 жылғы 14 тамыздағы № 279 "Бейбіт жиналыстарда болатын журналист (бұқаралық ақпарат құралы өкілі) қызметінің қағидаларын, журналистің айырым белгілерінің нысандарын бекіту туралы" бұйрығында қосымша талаптар мен қағидалар бар.
Бейбіт жиналыстарда, митингілерде журналистердің айырым белгілері, атап айтқанда, кеудеше, жеңдегі таңғыш, жапсырма тағуы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, бейбіт жиналыс кезінде БАҚ қызметкерлерін сәйкестендіруге бағытталған. Атап өтетін жайт, осыған сәйкес журналистерді сәйкестендіретін басқа тәсілдер, мысалы бейджик немесе тағы басқа заттар бейбіт шерулерде айрықша белгілер болып саналмайды. Журналистердің айырым белгілерінің ішінде жеке журналистік куәліктен бөлек кем дегенде біреуі болса жеткілікті: жарыққа шағылысатын жолақтары және Press деген жазуы бар ашық көк түсті жилет; Press деп қарамен жазылған ашық сары түсті таңғыш; жарыққа шағылысатын сұр түсті матадан тігілген Press деген жазуы бар көк жапсырғыш. Бұл аталған айырым белгілері бар журналистер мен БАҚ қызметкерлерінің бейбіт шеруге, митингіге байланысты ұйымдастырылған баспасөз орталығында да, оқиға орнында да еркін жүріп-тұруға құқығы бар.
Баспасөз брифингі, жедел орталық журналистердің кәсіби қызметін қамтамасыз етуге бағытталған. Сұхбат, брифинг және өзге де ақпараттандыру форматтарын жергілікті атқарушы орган ұйымдастырады, бейбіт жиналыс, митинг кезінде өз өкілінің қатысуын қамтамасыз етеді. Мұндай жедел баспасөз орталықтары бейбіт жиналысқа қатысушылардың болжамды саны 200 адамнан асса немесе жергілікті атқарушы органға жіберілетін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің сұратуымен ғана ұйымдастырылады. Жедел баспасөз орталығы лентамен шектеуі қажет, фото, бейнетүсірілім жасау және сұхбат алуды қамтамасыз етуі қажет, электр энергиясымен жабдықтауды қамтамасыз етіп, ішкі істер органдары қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда дереу ден қою арқылы журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиісті.
Сонымен бірге жергілікті атқарушы орган журналистерді, БАҚ өкілдерін жедел баспасөз орталығына алып барып, оларға бейбіт шеру, митингіні ұйымдастырушылар мен қатысушылардан сұхбат, пікір алуға жәрдемдесуді, журналистердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған шараларды түсіндіруді, сонымен қатар өз өкілінің қатысуын қамтамасыз етеді.
"Бұл қағидалардың, заңнаманың жаңашылдығы – бейбіт жиналыстардағы журналистердің кәсіби жұмысына ықпалдасып, көмек көрсету. Аталған заңнамада БАҚ өкілдерін қандай да бір шектеу туралы айтылып отырған жоқ. Ең алдымен біз журналистердің жұмысына жайлы жағдай жасауымыз керек. Сонымен бірге бұл ережелерді дайындап, ұсынап алдында UNESCO ұйымының кеңестеріне жүгіндік", - дейді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева.