Бейбіт Әлібековтің Lamborghini көлігімен трюк жасамақ болған жас жігіт қайтыс болды
Қазақстандық танымал блогер Бейбіт Әлібеков бір жігіттің TikTok-тағы байқау үшін видео түсіруге көлігін сұрағанын айтты. Түсірілім кезінде жігіт жарақат алып, кейін қайтыс болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бейбіт Әлібековтің айтуына қарағанда, түсірілім Алматы облысы Іле ауданындағы "Сұңқар" автодромында болған.
Әлібековтің өзі қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдірді.
Көлігімді қоймай сұрап жүрген Батырхан Ержан дейтін жігіт естеріңізде ме? Бермей қойған едім. Telegram-да пікірталас болды. (...) Ақыры көлікті оның трюгі үшін бердім. Конустың бір түрі болды. (...) Бір трюкті қайталағысы келді. Қайталай алмады. Ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті. Ал бүгін таңертең, өкінішке қарай, ол дүниеден өтті. (...) Айтарға сөзім жоқ. Жақындары мен туыстарына көңіл айтамын. Оған көлікті бермей-ақ қоюым керек пе еді?", - деді Әлібеков.
Бірнеше күн бұрын Бейбіт Әлібеков өзінің Telegram-дағы оқырмандары арасында "Бұл жігітке түсірілім үшін көлікті берейін бе?" деп сауалнама да жүргізген еді.
"Бір жігіт менің "Ламбамды" секіріп өту үшін сұрап жатыр. Ол алты ай бойы дайындалған (қандай да бір әлемдік жарыс), бірақ мені бір күдік мазалап тұр. Рұқсат беруім керек пе?" деп сұрады блогер оқырмандарынан.
Алматы облысының полиция департаменті қайғылы оқиғаға қатысты түсінік берді.
"29 қазанда автодром аумағында 22 жастағы жас жігіт видео түсірілімі кезінде трюк жасаймын деп, абайсызда 45 жастағы жүргізуші айдаған көліктің астына түсті. Салдарынан зардап шеккен адам аудандық ауруханаға жатқызылды, ол 30 қазанда есін жимастан қайтыс болды", - делінген хабарламада.
Облыстық полиция департаменті автодромдағы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
М. Лұқпан