Орал қаласында азық-түлік дүкеніне қарақшылық шабуыл жасаған күдікті ұсталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
30 шілдеде сағат 15:40-та полицияның 102 арнасына Орал қаласындағы дүкендердің бірінде белгісіз ер адам бетперде тағып, сатушыны пышақпен қорқытып, кассадағы қолма-қол ақшаны алып кеткені туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары дүкен мен оған іргелес аумақтағы бейнебақылау камераларының жазбаларын жедел зерделеп, күдіктінің фотокескінін әзірлеген. Бірнеше минут ішінде барлық наряд пен қызметке бағдар беріліп, аумақ толық қоршауға алынған.
Көп ұзамай тәртіп сақшылары күдікті қалың шөптің арасында жасырынып жатқанын байқап қалған. Алайда ол қолындағы пышақпен полиция қызметкерлеріне тап берген.
Арнайы әдістерді шебер қолданған полицейлер күдіктіні санаулы сәт ішінде құрықтаған.
"Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Ұсталған адам 29 жаста екені анықталды. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл дерек бойынша соталды тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр", - деді ІІМ өкілдері.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова