“Бетінің тең жартысын тіккен“. Ақтауда қыз баланың басына футбол қақпасы құлаған

Ақтауда 12 жастағы қыз баланың басына футбол қақпасы құлаған. Жасөспірімнің бетінің тең жартысын тігуге тура келген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқыс оқиға 2-шағынаудандағы 71-үйдің маңында, футбол алаңында болған. Бұл туралы әлеуметтік желіде Ақтау қаласының тұрғыны Азамат Сәрсенбаев жазды.

Блогердің сөзінше, оқиға болған жерде ойын және футбол алаңдарының төсеніші жаңартылып жатқан. Алайда мердігер компания футбол қақпаларын бекітпей, қалдырып кеткен. Ал балалар қақпаларды тұрғызып, ойнамақ болған.

"5 минут өтпей, қақпалардың бірі 12 жастағы қыз баланың басына құлаған. Абырой болғанда дәрігерлер жасөспірімді аман алып қалды", - дейді ол.

Зардап шеккен қыз облыстық балалар ауруханасының травматология бөлімшесіне жатқызылған. Дәрігерлердің айтуынша, жасөспірімнің жағдайы тұрақты ауыр.

"Жеткіншекке маңдай сүйегі сынуы, мидың орташа ауырлықтағы контузиясы диагнозы қойылды. Маңдайы көгерген. Жалпы жағдайы тұрақты, орташа ауыр. Консервативті емделіп жатыр", - дейді Маңғыстау облыстық балалар ауруханасының нейрохирург дәрігері Ербол Кенжевалов.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!