Түркістан облысы Ескі Иқан ауылында бес жасар қызды ит талап, ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер бірнеше сағат бойы ота жасап, баланың өмірін сақтап қалған. Анасының айтуынша, бүлдіршіннің беті қатты зақымданған. Қазір иттің иесі іздестіріліп жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Қыздың анасы Дилафруз Халикованың сөзінше, баланы таңда туысының үйіне жіберген. Қақпа алдында бірнеше баламен ойнап жүрген балақайды ит талаған. Бірнеше жерінен жарақат алған бала шұғыл ауруханаға жеткізілген.
"Мен келгенге дейін қызымды жансақтау бөліміне алып кетіпті. Ана үшін оны көру қиын. Қызымның бетінің сау тамтығы қалмаған. Көзінің астындағы сүйегі көрініп тұр", - дейді ол.
Жантүршігерлік оқиғадан кейін иттің иесі іздестірілген. Бірақ оның қайдан келгені, иесі кім екені әлі күнге белгісіз.
Дәрігерлер балаға 4 сағатқа жуық ота жасаған. Мамандардың сөзінше, баланың оң жақ бетіне зақым келген, ота жасалғанымен, тыртық қалады.
"Қыз қатты шошыған. Басында да жарақаттары бар. Қазір жағдайы қалыпты, тұрақты", - деді Түркістан қалалық балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі Гүлжазира Бердіәзімова.
Ал Сауран аудандық әкімдігі дерегінше, ит аулау, залалсыздандыру жұмысы тұрақты жүргізіледі.
Басылым мәліметінше, ауданда ит аулауға, күтіп-ұстау және залалсыздандыруға 6,5 миллион теңге бөлінген. Жыл басынан бері ауданда 50-ге жуық ит ұсталған. Оның жиырмадан астамы - қаңғыбас, қараусыз қалған бұралқы ит.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова