Бетінен шапалақпен ұрып, көрпемен жауып тастаған: Павлодарда балабақша тәрбиешісі жұмыстан босатылды

Павлодарда балаға дөрекілік танықтан балабақша тәрбиешісі жұмыстан қуылды. Мектепке дейінгі мекеме басшысы да жазаланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі @Pavlodarnews.kz басылымына сілтеме жасап.

Сәбиге жасалған дөрекі әрекеттің видеосы балабақшаның жатын бөлмесіне орнатылған бақылау камераларына түсіп қалған.

Оқиға балаларды түскі ұйқыға жатқызатын уақытта болған. Instagram желісінде жарияланған кадрларда балалардың бірінің ұйықтамай жатқанын көрген тәрбиеші оған жақындап, бетінен алақанымен ұрып, үстіне көрпе лақтырдғанын көруге болады.

"Бұл 28 балабақша. Мұндай адамды бүкіл қала білуі тиіс", - деп видеоның астына пікір жазылған. 

Павлодар қаласының білім беру бөлімі балаларға дөрекілік таныту дерегі бойынша №28 балабақшада қызметтік тергеу жүргізілгенін мәлімдеді. 

"Тергеу қорытындысы бойынша ҚР Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 14-тармақшасына сәйкес тәрбиеші теріс себептермен жұмыстан шығарылды", - деп хабарлады білім беру бөлімі.

Сондай-ақ тәрбиешілердің қызметін бақылауды әлсіреткені үшін мектепке дейінгі ұйым басшысына қатысты тәртіптік жаза қолданылған.

Басылым мәліметінше, басы дауға қалған тәрбиешінің осы салада 13 жылдан аса тәжірибесі бар, осы мектепке дейінгі мекемеде алты жыл жұмыс істеп келеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!