- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Бетін тілген. Алматыда...
Бетін тілген. Алматыда әкесі туған екі ұлын аяусыздықпен өлтірген
Ауруханаға апарамын деп ажал құштырды. Алматыда әкесі туған екі ұлын аяусыздықпен өлтірген. Оқиға бейсенбі күні жалдамалы пәтерлердің бірінде болған. Куәгерлердің айтуынша қатігез әке әжесінің қарауында болған балаларын ауруханаға апарамын деп алып кетіп жалдамалы пәтерге апарған. Қаскөйлік әрекетін де сол үйде жасапты. Балалардың үлкені 5-сынып оқиды, ал кішісі биыл 2-сыныпқа барған екен. Бүгін балалардың денесі жер қойнына тапсырылды. Оқиғаның жай-жапсарын Massaget.kz тілшісі біліп қайтты.
Валентина Осина шөберелері өмірден өткеніне сенгісі келмейді. "Күні кеше шапқылап жүрген балалардың бейнесі әлі де көз алдымда", - дейді ол. Жасы 88-ге жеткен зейнеткер күйеу баласы шөберелеріне көңіл бөлмейтінін, тіпті өзіне қарсы қойғанын жеткізді.
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Марқұмдардың әжесі Валентина Осина
"Ол ешқашан менің шөберелерімді жақсы көрмеген. Тіпті туған күнімен құттықтамайтын. Оның 7 бауыры, 2 әпкесі бар. Солардың тек біреуі ғана хабарласты, қалғандары бауырларының әрекеті дұрыс деп санайды. Үйлердің бәріне камера қойып, мені бақылап жүрді. "Сенің орның қоқыста", - деп мені балағаттап, үнемі үйден қуатын. Балаларға: "Әжелеріңді итеріңдер, қоқыс лақтырыңдар", - деп нашар тәрбие берді. 10 мәрте учаскелік полицейді шақырдым. Олар маған басқа жерге көшуімді ұсынды. Алайда мен шөберелерімді қимадым. Балаларды 4 желтоқсан күні ауруханаға алып кеткен болатын. Ақыры осылай аяқталды", - дейді марқұм балалардың әжесі Валентина Осина.
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.
Куәгерлердің айтуынша қаскөй әке балаларды өлтіргеннен кейін бейнежазбаға түсіріп, бауырларының біріне жіберген. Сондай-ақ бұл әрекетті есірткігі елітіп немесе ащы судың буымен жасады деген болжамдар да айтылды. Алайда бұл ақпараттар әлі нақтыланбады. Ер адамның балаларды қандай қарумен, қалай өлтіргені де белгісіз. Тек марқұмдардың бетінен тілінген пышақ іздерін байқадық.
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Балалар тұрған үйдің терезесі
Балалардың кішісі менингит ауруына шалдығып, есту қабілеті нашарлаған. Оқу маусымы басталғаннан бері үйден білім алыпты. Әкесі баланы өзі апарып емдетіп жүрген. Туыстарының "Ауруханаға апарамын", - деген қаскөйдің сөзіне сеніп қалуының да бір себебі осы.
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Марқұмның сыныптасының әжесі Алена Габриелова.
"Біз жаңа жыл қарсаңында Рафаэльді құттықтауға келдік. Ол менің немереммен бір сыныпта оқитын. Ол бізден сыйлық алып, шаттанып кетті. Сол кезде оның әкесімен тілдестім. Түріне қарасаң тәп-тәуір адам секілді еді. Баласының ауруы жайлы, емделіп жатқандығы жайлы айтты. Ол қалай мұндай әрекетке барғанын түсіне алар емеспін", - дейді марқұмның сыныптасының әжесі Алена Габриелова.
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Қара жамылған отбасының баспанасы.
Ал қара жамылған отбасының көршілері бұл үйде ұрыс-керістің жиі болатынын растап отыр.
"1991 жылдан бері көрші тұрамыз. Балалар осы үйде дүниеге келді. Олар өте ақкөңіл, тіл алғыш болатын. Алайда күйеу баласы енесіне қоқан лоқы көрсететін. Ұрып, тебетін сәттері де жиі болды. Ол екі күннің бірінде полиция шақыратын. Бұл сол енесінің үйі. Әйел бала-шағасымен осы үйде тұрды. Күйеу баласы ешқашан жұмыс істемеген. Бірақ оның ішімдік ішкенін мүлде көрген емеспін", - дейді көршісі Людмила Голубенко
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов.
Ал Алматы қалалық полиция Департаменті Баспасөз қызметі оқиғаға қатысты тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты.
"Алматы қалалық полиция Департаменті, аталған дерекке байланысты Алмалы аудандық полиция Басқармасымен ҚР ҚК-нің 99-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатқанын хабарлайды. Сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталуда", - делінген хабарламада.
Фото: Massaget.kz \ Жақсылық Зинешов. Катафалк.
Марқұмдардың жақындары қаскөй әділ жазасын алса дейді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Зинешов