- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- “Бетін ақ матамен...
“Бетін ақ матамен жауып, қойдың шикі қан өкпесімен ұшықтау“. Тойдағы өрескел әдет-ғұрыптар
Бүгінде той үстінде жасалынатын түрлі өрескел әдеп-ғұрыптар көбейіп кетті. Мұндай салт-дәстүрдің кейбірі ежелден бар болғанымен, заманға сай өзгеріске ұшыраса, енді бірі көршілес елден келген. Осыған байланысты Massaget.kz тілшісі осындай ерекше ырымдарға шолу жасап, этнограф Болат Бопайұлының пікірін сұрады.
Ағайынды бауырлар үйлену тойын бірге жасаған
Танымал тележүргізуші Анна Данченко Қызылорда төрінде болған екі ағайынды бауырдың үйлену тойында болғанын жазды. Екі жұптың үйлену тойы бір күнде болғанын естіген желі қолданушылары мұны жаман ырымға балап, түрлі пікір қалдырған.
"Керек емес, әркімнің тойы бөлек болғаны дұрыс. Бұл жаман ырым", "Мен де Алла қаласа екі ұлымды осылай үйлендіргім келеді. Алла соған жеткізсе", "Біреуі есіктен, біреуі терезеден кіру керек", "Осы ырым-сырымдарыңды қойыңдаршы. Жай ғана жастарға бақыт тілейік", - деп жазған еді олар.
View this post on Instagram
Осы тұста Massaget.kz тілшісі этнограф Болат Бопайұлының пікірін білді.
"Ағалы-інілі екі жастың тойын бір шаңырақ астында өткізу салты қазақтың дәстүрлі мәдениетінде сирек кездесетін той саналады. Бұл дәстүр қазіргі заманның жаңашылдықтарымен байланыста пайда болды деуге болады. Бірақ дәстүрлі қазақ қоғамында мұндай рәсімнің болғандығы туралы тарихи деректер жоқтың-қасы. Ал оны жақсы немесе жаман ырымға санау әр адамның тарихи дәстүрлі түсінігіне байланысты. Мен бір отбасы мүшелерінің тойларын бірге өткізу олардың арасындағы туыстық байланысты нығайту, ортақ қуанышты бөлісу мен ынтымақты күшейтудің тамаша мүмкіндігі деп қараймын. Мұндай рәсімдер бірлікті, туыстық байланысты нығайту мен ұрпақтар арасындағы қарым-қатынасты жақсартуды, экономикалық үнемшілікті үйретіп, ысырапшылдыққа жол бермеуді мақсат етеді", - деді этнограф.
Маман әлеуметтік желідегі теріс пікірлер басқа ұлттың мұндай рәсімді теріс ырым ретінде бағалап, бір шаңырақ астында екі жұптың тойын өткізу олардың жеке өміріне немесе отбасылық бақытына теріс әсер етеді деп санайтындардың жеке көзқарасы болуы мүмкін екенін айтты. Бұл түсінік кейбір мәдениеттегі дәстүрлер мен ырымдарға байланысты туындаған.
Қалыңдық той үстінде бауырсақ пісіріп, қонақтарға таратты
Дүйім жұрттың көзінше той көйлегіндегі қалыңдық бауырсақ пісіріп, екі жақтың ата-анасына дәм татқызды. Әсерлі видеоны желі қолданушылары түрліше қабылдады.
"Той үстінде емес, басқа жерде де пісірер еді", "мынауы болмапты", "обал ғой", "зорлық осындайдан басталады", "Ішек-қарын тазалатсын енді", "Бояушы бояушы дегенге артық кетіпті", "Ешқандай да салт-дәстүрімізді көріп тұрғаным жоқ", - деп жазған олар.
Видео кадры
Этнографтың сөзінше, үйлену той үстінде бауырсақ пісіру - өте тамаша ырым.
"Бұл дәстүр қазақ халқының мәдениетінен шығады. Бауырсақ пісіру жаңа түскен келіннің үй шаруашылығына дайын екенін дүйім жұрт алдында растау арқылы кейінгі келін болып түсетін қыздарға үлгі мен өнеге етіп көрсетеді. Бұрындары да осы секілді келінді сынақтан өткізу ырымдары болған. Жаңа үйге келген келінге алғаш рет тамақ пісірту дәстүрі жиі кездесетін. Қазіргі уақытта бұл дәстүрдің заманауи түрі болып жалғасқаны жаман ырым емес", - деді Болат Бопайұлы.
Құдалық барысында қарттар төсекке жатып, аунаған
Жақында желіде қарттардың құдалық барысында төсекке жатып, сондағы қалың жұрт олардың үстінен көрпе жабатын видео пайда болды. Мұны көрген оқырман қауым бұл әрекетке қарсы шықты.
"Мына албастыларды жауапқа тарту керек! Не масқара, шалдікі не, артылып мініп алғаны несі, алжыған ұятсыздар", "Кемпірі жоқтар кіммен жатады?", "Қазақта осындай ұятсыз ырым жоқ, болған емес. Ойдан шығарған ерсілік. Мынаны көріп тұрған кіші балалар не ойлайды? Арсыздар! Ақсақалдарымыз осындай болса, жетіскен екенбіз! Не болып кетті? Не істеп жатсыңдар, бауырлар? Ырым-салт мұндай емес еді ғой. Қазақтың салт-ғұрпын аяққа тастадыңдар ма?", "Құдалықта жасалатын осы салттың керегі не?", - деп жазды олар.
Ал Болат Бопайұлы құдалық кезінде қарттардың төсекке жатып, үстінен көрпе жабу бұрынғы замандарда да болғанын алға тартты. Дегенмен оның сөзінше, бұл салт-дәстүр қалың жұрт көзінше жасалынбаған.
"Бұл әрекет қарттарға құрмет көрсету мен ұзақ ғұмыр тілеудің жақсы ырымы ретінде орындалатын болған. Бірақ бүгінгідей дүйім жұрт алдында, той ортасында, қалың адам арасында болмаған. Той үстінде қызық үшін ондай сөлекет әркет жасау қазақтың бағы заманғы құда-құдағи сыйлау салтын бұзғандық. Бір ауыз сөзбен қайырғанда, дәстүрге жасалған опасыздық деп қарауға болады. Ата дәстүрін бұзғандарды бұрынғы заманда 40 дүре соғып, 9 айып қойып, ауыл ақсақалдары жазалайтын болған. Сондықтан мейрамханадағы тойларда шаршы жұрт алдына құда мен құдағиды қатар жатқызып көрпе жабу дұрыс емес", - деді ол.
Бесік тойда кішкентай қызды кемпірлердің етегінен өткізген
Желіде кішкентай қызды кемпірлердің етегінен өткізген видео тарады. Желі қолданушылардың бір бөлігі бұл көрініске шоши қараса, енді бір тобы мұндай ырым барын жазған.
"Бұрыннан бар ырым", "Сұмдық масқара, осындай да ырым бола ма?", "Көптен күткен перзентін немесе перзенті тұрмай шетінеп кете беретін кезде ырымдап, 7 кемпірдің етегінің астынан өткізеді", "Бұл бесік той емес. Қазақтың басқа ырымы. Бала тұрмай, шетінеп кете берсе, көпбалалы ананың астынан өткізеді", - деп жазған олар.
Болат Бопайұлы ертеде мұндай ырымның болғанын растады.
"Бесік тойында бүлдіршіндерді әжейдің етегінің арасынан өткізу ырымы ертеде болған. Бұл рәсім балаға ұзақ өмір мен денсаулық тілеудің белгісі ретінде орындалған. Әжейдің етегі арқылы өткізу - балаға жақсылық тілеу мен қорғау әрекеті. Ежелгі дәстүрлерде бұл рәсім кең таралған және ол балаға берілетін жақсы тілектерді білдірген. Ал қазір мұндай ескі ырымды жалғастыру әдеп пен мәдениетке, көрер көзге анайы болуы мүмкін. Бір жағы жас сәби шошынып қалса, кейін қорқақ, үрейшіл болып қалады деп қарған. Бұрын бала көтере алмай жүріп бала көтерген әйелдің тұңғыш туған баласына тіл-көз болмасын деп осындай ырымдар жасаған", - деп түсіндірді этнограф.
Әйел 40 жасында тұсауын кескен
Желіде 40 жасында тұсауын кестірген келіншектің видеосы тарады. Жазбаға пікір білдіргендер екіге бөлінді, бірі мұндай ырымның бұрыннан барын жазса, енді бірі бұл көрініс дұрыс емес екенін айтқан.
"Негізі, бұл - тұрмысқа шықпай отырып қалса өз теңін тапсын деп ырымдап жасалатын ырым. Тұсаукесер рәсімінде үлкендер бата береді", "Құлап-сүрінетін адамға арналған ырым ғой. Ұят емес", "Тәй-тәй демегеніне шүкір!", "Ырымның да қыры кетті" демекші, кішкентай балапанның тұсауын кесетін еді. Мынау ыңғайсыз екен", "Тұсау кескен сәтте балаға таңдау беріледі. Ал бұл қыз "күйеу таңдады", - деп жазды оқырмандар.
Видео кадры
Болат Бопайұлы ертеде қазақ екі мақсатта ырымдап, тұсау кескенін түсіндірді.
"40 жасында тұсауын кесу ертеден бар ырым. Бір баланың тұсауын кескеннен кейін ол бала сүріншек болып, жығыла берсе, тіпті үшінші ретте тұсауын кескен. Бала қашан бір сүрінбей жүргенше жеті рет тұсауын кесетін болған. Ал күйеуге шыға алмай, отырып қалған марқа қыздардың да, саудасы жүрмей, жұмысы мандымай қалған адамдардың да жас шамасына қарамай, тұсауын кесетін ырым бар. Қазіргі заманғы үлкендердің тұсауын кесу ырымын жасау сол баяғы заманғы ырымдық сенімнің жалғасуы деп қараған жөн", - деді этнограф.
Келін беташардан кейін шаңырақтағы қазан ошақтың басына дейін сәлем салған
Желіде беташардан кейін келінді шаңырақтағы қазан-ошақтың басына дейін сәлем салғызып апарған видео тарады. Желі қолданушылары бұл видеоға да түрлі пікір қалдырды.
"Енді қазан-ошақ сенікі деп тұр ғой", "Не тәлпіштік осы?", "Бұл қай жақтың салты?", "Мұндай салт-дәстүр жоқ еді ғой", - деп жазды олар.
@gulfayruz_esmurza ##келін #ақкелін #қазан #ошақ #қайратнуртас #той #беташар #қазақтыңтойы #салт #дәстүр #ырым #тиым #абысын #звание ♬ оригинальный звук - user13120000609
Этнограф бұл салт-дәстүр келіннің жаңа отбасында үй шаруашылығымен айналысатын рөлін көрсету мақсатында орындалатынын айтты.
"Беташардан кейін келінді қазан ошақтың басына апару жақсы ырым. Қазақ қоғамында қазан-ошақтың басында болу үйдің берекесі мен отбасылық өмірдің маңызды қағидаларын білдіреді. Бірақ бүгінгі қалалы өмірде келінді ошақ басына апарудың ыңғайы да, жөні де жоқ. Ал ауылды жерлерде бұл ырымды өтеу әбестік саналмайды", - деп қысқа қайырды Болат Бопайұлы.
Беташар рәсімінде ене мен келін бір-біріне ернін жақындатып, кәмпитті таласа жеген
Бұған дейін әлеуметтік желіде көзге оғаш көрінетін тойдағы ырым қызу талқыға түсті. Видеодан беташар рәсімінде ене мен келін бір-біріне ернін жақындатып, кәмпитті таласа жегенін көруге болады. Халықтың қытығына тиген бұл дәстүр қайдан шыққан?
@azima3646 #КімНеБіледі? ♬ оригинальный звук - Той Думан
Болат Бопайұлы мұндай ырымның қазақта болмағанын жеткізді.
"Ене мен келіннің кәмпитті таласуы, не аузына тістеп бөлісіп жеуі жақсы ырым емес. Қазақ дәстүрінде келін мен ененің орны жер мен көктей парықталады. Мұндай ырым қазақта болмаған. Оны бүгінгі асабалық тойдың ойдан ойып, қырдан қырып, қызық үшін жасап жүрген әзілдері. Оны дәстүр деп қабылдауға мүлде болмайды. Ол келін мен ене этикасына жат ұғым", - деді этнограф.
Осы тұста этнограф жалпы қазақтың заманауи тойында болып жатқан өрескел әдеп-ғұрыптар туралы ойын ашық айтты.
"Қазақтың заманауи тойындағы өрескел ғұрыптардың белең алуы - дәстүрдің өзгеруі мен жаңашалануы қазіргі қоғамның мәдени өзгерісімен байланысты деп тұжырым жасауға болады. Заманауи қоғамда өткен дәстүрлер мен жаңа көзқарастар арасында тепе-теңдік орнату қиын мәселе. Кейбір дәстүрлер жаңаша сипатта көрініс табуы мүмкін, ал халықтың оларды қабылдауы әртүрлі болуы ықтимал. Мәдени құндылықтар мен қоғамның даму деңгейі бұл өзгерістер атадан қалған асыл қазына, бай мұралық дәстүрлі мәдениетіміздің құтын қашырып, құнын жоюы мүмкін. Сондықтан ойдан шығарып, кез келген әрекетке бара беруге болмайды. Мысылы: күйеу балаға сәлем салдырып, алыс жерден бүкшеңдетіп үйге кіргізу, келіннің басына аттың жүгенін салып алып, сәлем салдырып жетектеп тұру, сойып жатқан қойдың тоқ ішегімен жаңа түскен жас келіннің маңдайына ұрып ұл тап деу, зәбілге жатқызып бетін ақ матамен жауып, оны қойдың шикі қан өкпесімен ұрып ұшықтау, екі келін түссе біреуін есіктен, біреуін терезеден кіргізу сынды толып жатқан дәстүрге жат, көрер көзге сөлекет, естір құлаққа жат, жасанды дәстүрлерді жасап, тойдың сәні мен мәнін кетірудің, салт-дәстүрді ластаудың түкке де қажеті жоқ", - деп қорытындылады Болат Бопайұлы.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Б. Жұмаділлә