• 500.67
  • 490.7
  • 6.04

“Бетімен кетіп барады“. Депутат Мұқаев қымбатшылық қысқанын айтып, дабыл қақты

“Бетімен кетіп барады“. Депутат Мұқаев қымбатшылық қысқанын айтып, дабыл қақты
Фото: instagram.com/daulet_mukayev

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев азық-түлік бағасы шарықтап бара жатқанын сынады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Депутат Мұқаевтың мәлімдемесі

Депутат Астанада 1 келі картоп 485 теңге болғанын айтты.

"Қымбатшылық бетімен кетіп барады. Ал антимонополиялық комитет жұмысы - 0. Осы кезге дейін келісі 150-180 теңгеден еді. Қымбаттағаны картоп қана емес. Өспей жатқаны айлық қана..." - деді ол.

Мұқаевтың сөзінше, Қазақстанда орташа жалақының 52-56 пайызы тек азық-түлікке кетіп жатыр.

"Экономикасы нашар Африка елдерімен пара-пар: Нигерия елі (59%), Мьянма (56,6%), Кения 56,1%, Бангладеш (52,7%), Лаос (50,6%) ал Ангола (49,7%) жұмсайды. 105 елдің ішінде соңғы қатардамыз. Ал АҚШ орташа айлықтың 6,7%, Сингапур халқы болса 8,4%, ұлыбританиялықтар  8,7% ақшасын тамаққа жұмсайды. Соғыс болып жатқан Ресейдің өзінде 29%, ал Украинада 41,6% екен. Сонымен қатар Беларусь халқы - 32,1%, Түркіменстан 36,9%, ал өзбектер 46,5% ақшасын азық-түлікке жаратады", - деді депутат.

Депутат Сайыровтың мәлімдемесі

Айта кетейік, кеше Мәжіліс отырысында депутат Ерлан Сайыров та осындай мәлімдеме жасады.

"Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, жан басына шаққандағы кіріс - 112 мың теңге, оның 98 мың теңгесі тек азық-түлік, киім-кешек, коммуналдық қызметті төлеуге кетеді. Күріштің бағасы 31,3 пайызға, жұмыртқа 16,9 пайызға, сары май мен сүт өнімдерінің бағасы 12 пайызға өскен. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа келсек, коммуналдық қызметтер орташа алғанда 25 пайызға қымбаттаған. Бұл жағдай азаматтардың шығынын арттырып, кірістерін төмендетіп жібергені анық. "Баға қайда кетіп барасың" деп жыламсырайтын жағдайға де жеттік!" - деді Сайыров.

Бұған дейін не белгілі?

Қазақстанда азық-түліктің көтерме бағасы орта есеппен 5 пайызға өскен. Жыл ішінде жаңа піскен көкөністердің бағасы үштен бір есеге көтерілді, әсіресе, картоп қымбаттаған.

Деректерге сүйенсек, 2024 жылғы ақпарат бойынша қазақстандықтар азық-түлікке орта есеппен ай сайын 114 мың теңге жұмсағаны белгілі болды. Freedom Finance Global сарапшыларының мәліметінше, сауалнамаға қатысқан 3 мыңнан аса тұрғынның 27 пайызы айына тамаққа 50 мың теңге кетеді деп жауап берген. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget