Депутат Бақытжан Базарбек Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтан сөз естіп қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттар "Құқықбұзушылық профилактикасы туралы" жаңа заң жобасы мен оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда қарады. Бақытжан Базарбек ішкі істер министрі Ержан Сәденовке сауал жолдады.
"Учаскелік инспекторлар, өкінішке қарай, жұмыс істемейді. Қаншама депутаттық сауал жасадым?! Тау бөктерін кесіп, заңсыз жер қойнауын алу бойынша қаншама тексеріс аштым?! Өкінішке қарай, сіздің ведомстводан ешқандай реакция жоқ. ...Ішкі істер министрлігінен ешкім хабарласқан жоқ. ...Тау бөктерінде заңсыз соғылған нысанды сүру кезінде жердің иесі өз-өзін жанармаймен жағамын деді. Сонда полиция болған жоқ. Лепеха мырзаға телефон соғып, полицияны алып келуге тырыстым. Базарбек қатысқаннан кейін полиция келді. Ал Базарбек қазір Парламент Мәжілісінде. ...Әрине, менің сөзім ыңғайсыз. Менің сөзім ыңғайсыз екені бет-әлпетіңізден байқалып отыр. Ренжімеңіз, министр мырза, айтуға тура келді. Тау бөктеріндегі заңсыз тірліктерге министр ретінде кірісуіңіз керек", - деді ол.
Депутаттың сауалынан кейін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов ескерту жасады.
"Бақытжан Жұмабекұлы, жұмысын сынаңыз, бет-әлпетін сынаудың қажеті жоқ", - деді Қошанов.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!