Бестөбе кентінде жедел жәрдем көлігі жоқ: науқастар ауруханаға жете алмай өмірден өтіп жатыр

Бестөбе кентінде жедел жәрдем көлігі жоқ: науқастар ауруханаға жете алмай өмірден өтіп жатыр
Фото: Тұрар Қазанғапов /Tengrinews

Ақмола облысында жеті мыңға жуық адам тұратын Бестөбе кентінің жұрты жедел жәрдем жоқ екенін айтып келе жатқанына талай жыл болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ауылдағы амбулаторияда тек бір ескі жедел жәрдем көлігі бар. Тұрғындардың айтуынша, ол қалаға кеткенде немесе сынып қалғанда ауырған адам 100 шақырым жердегі қаладағы ауруханаға баруға мәжбүр болады. 

Ауыл азаматтарының айтуынша, түйінді мәселені билік басындағыларға айтқалы біраз уақыт болған. Алайда Бестөбе кентіне қосымша жедел жәрдем көлігі бригадасы ашылмаған, көлік берілмеген.

"Былтыр 4 қарашада Ақмола облысы әкімінің орынбасары Елдос Рамазановқа Бестөбедегі жедел жәрдем мәселесін де көтергенмін. Бірақ содан бері еш өзгеріс жоқ. Ескі УАЗ көлігі бар. Бірақ халық жедел жәрдем шақырса, көлік болмай қалатын кездер жиі болады. Бір оқиғаға өзім де куә болдым. Велосипедпен жүріп бара жатқанмын. Жол жиегінен жақын ағаштар арасында бір адам құлап жатқанын көрдім. Дереу барып тұрғызып көмектеспек болдым. Алайда адам сөйлей де, тұра да алмады. Жедел жәрдемге хабарластым. Олар көліктің қалаға кеткенін айтып, таксимен сол адамды жеткізіп беруімді сұрады. Мен бірден ауыл әкіміне хабарластым. Әкімнен өзінің қызметтік көлігімен науқас адамды жеткізуін сұрадым. Әкім сәлден соң хабарласатынын айтты. Арада 5 минут өткенде хабарласып, жүргізушісі келетінін айтты. Келген жүргізуші науқасты апармайтынын айтты. Мен науқасты қызметтік көлікке отырғызып, фельдшер келіп, алып кетпейінше жүргізушіні жібермедім. Осыдан кейін ғана фельдшер келіп науқасты алып кетті. Мұндай жағдай жиі болады", - дейді Бестөбе кентінің тұрғыны Николай Катчиев. 

Кеңес кезеңінен бері алтын өндірілетін кентте кезінде үлкен аурухана мен емхана да болған екен. Ал бүгінде тек шағын амбулатория қалған. Амбулаторияның дәрігері Ахат Исин талап бойынша халық саны 10 мыңнан аспайтындықтан, жедел жәрдем бригадасы ашылмайтынын жеткізді. 

"Бізде амбулатория ғана. Сонда да халыққа көмек беру үшін тәулік бойы бір фельдшер және бір жүргізушіден тұратын жедел жәрдем бригадасын жасақтадық. Бірақ өткенде жалғыз көлікпен ауру адамды қалаға жеткіздік. Сол күні онкологиялық науқаспен ауырған адам қайтыс болып кетті. Ол адам жедел жәрдем жеткенше де қайтыс болуы мүмкін еді. Талапқа сәйкес халық саны 10 мың адамға жетпейтіндіктен жедел жәрдем бригадасы болмайды. Жедел жәрдем көлігі де, оған штат та жоқ", - дейді ол. 

Абзал Алпысбайұлы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова