Бестеректегі қайғылы оқиға: жүргізуші диагнозына сай көлік айдамауға тиіс еді

Бестеректегі қайғылы оқиға: жүргізуші диагнозына сай көлік айдамауға тиіс еді
Фото: depositphotos.com

Абай облысы Бестерек ауылында болған қайғылы жол апатынан кейін алты баланы қағып кеткен 55 жастағы жүргізушінің он жылдан аса уақыт бойы "эпилепсия" диагнозымен есепте тұрғаны анықталды. Енді сот оны көлік жүргізу құқығынан айырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Не болды?

19 тамызда Бестерек ауылында Toyota автокөлігін тізгіндеген 55 жастағы ер адам үйдің қақпасы маңында ойнап жүрген балаларды қағып кетті. Нәтижесінде үш бала көз жұмды: екеуі оқиға орнында, тағы бірі ауруханаға барар жолда қаза болды. Үш бала ауыр жарақат алды.

Екі бала санитарлық авиациямен Астанаға жеткізілді. Алты жастағы ұл бала травматикалық шокпен түскен еді, жағдайы тұрақтанып, жақында жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылды. Тоғыз жастағы қыз бала жансақтау бөлімінде ауыр халде жатыр, дәрігерлер аз да болса оң динамика барын айтады. Үшінші зардап шеккен қыз Үржар аудандық ауруханасында дәрігерлер бақылауында.

Жүргізушінің диагнозы

"Жетінші арнаның" хабарлауынша, тергеу барысында жүргізушінің 2013 жылдан бері "эпилепсия" диагнозымен медициналық есепте тұрғаны белгілі болды. Жол апатынан кейін полиция департаментінің талап арызы Үржар аудандық сотына түсті, сот оның жүргізуші куәлігін уақытша тоқтатты.

Мұндай диагнозбен оның көлік жүргізу құқығын қалай алғаны және сақтап келгені әзірге белгісіз. Бұл қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Редакция ескертпесі. Заң бойынша эпилепсиясы бар адамдарға көлік жүргізуге тыйым салынған: ұстаманың кенет қайталануы ауыр қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін.

Бар болғаны екі апта бұрын Астана прокуратурасы дәл осы диагнозы бар 10 адамның жүргізуші куәлігі алынғанын хабарлаған еді. Тексеру кезінде кейбірі медициналық тыйымға қарамастан рөлге отырғаны анықталды. Бір жағдайда жүргізуші ұстама кезінде екі жаяу жүргіншіні қағып кеткен.

Тергеу

Апаттан кейін Ансабаев ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сараптама оның апат кезінде мас болмағанын көрсетті. Қазір ол қамауда, екі айға бұлтартпау шарасы қолданылды. Іс бойынша тергеу ІІМ бақылауында.

Реакция

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев зардап шеккен балаларға көмек көрсету үшін Үржар ауданына дәрігерлер мінген ұшақ жіберуді тапсырды. Абай облысының әкімі Берік Уәли қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасына көмек көрсетілуін міндеттеді. Медициналық және психологиялық көмек республикалық және аймақтық деңгейде жалғасып жатыр.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек
Logotype Massaget