Абай облысы Бестерек ауылында болған жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен алты баланың бірі - ауыр халде болған қыз бала. Бұған дейін жағдайының ауыр болуына байланысты оны тасымалдау мүмкін болмаған еді. Кейін денсаулығы жақсарған соң кеше санитарлық авиация арқылы Семей қаласына жеткізілді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Зардап шеккен қыз аудандық ауруханадан Медициналық университеттің Семейдегі госпиталіне қарасты балалар бөліміне әкелінді.
"Ауыр жарақаттар мен тасымалдау кезіндегі өміріне қауіптің жоғары болуына байланысты бастапқыда баланы облыс орталығына жеткізу мүмкін болмады. Дәрігерлердің тұрақты бақылауынан кейін жағдайы әуе көлігімен тасымалдауға жарамды деп танылды. Осыдан соң Семейге ауыстыру туралы шешім қабылданды", – деді Абай облысының денсаулық сақтау басқармасындағылар.
Алғашқы күннен бастап Семей Медуниверситеті госпиталінің мамандары Үржар аудандық ауруханасында көмек көрсетіп, баланы облыс орталығына дейін бірге алып жүрді. Олардың қатарында госпитальдің педиатрия жөніндегі директор орынбасары, облыстың штаттан тыс бас анестезиологы Дулат Кәрімов және балалар травматологиясы бөлімінің меңгерушісі, өңірдің штаттан тыс бас нейрохирургі Жасұлан Әсетов бар.
"Қазір Университет госпиталінде заманауи жабдықтар арқылы толық тексеру жүргізіліп, тиісті ем тағайындалды. Абай облысының денсаулық сақтау басқармасы мен Медициналық университет басшылығы тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Қазір қыз бала анестезиология, реанимация және интенсивті терапия бөлімінде ем қабылдап жатыр. Оның жағдайы облыс әкімі Берік Уәлидің тікелей бақылауында", – деп қосты басқарма өкілдері.
Не болған еді?
19 тамызда Абай облысының Бестерек ауылында Toyota көлігін жүргізіп келе жатқан 55 жастағы ер адам жол шетінен 10 метр қашықта тұрған балаларды қағып кеткен. Нәтижесінде екі бала оқиға орнында көз жұмып, біреуі ауруханаға барар жолда қайтыс болды. Тағы үш бала түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.
Қаза тапқан балалардың жасы 2-ден 7 жасқа дейін болған. Жарақат алған үш баланың жасы - 6-9 жас аралығында.
"Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер – екі отбасының балалары. Қаза болғандардың екеуі – Жарма ауданы Жаңғызтөбе ауылының тұрғындары, олар Үржарға ата-әжесіне қонаққа келген. Бір бала Үржар ауданының тұрғыны. Жарақат алған үш баланың екеуі – Үржардан, біреуі – Жарма ауданынан", – деді Абай облысы әкімдігі.
Полиция мәліметінше, жүргізуші ұсталды. Медициналық тексеріс кезінде оның мас болмағаны анықталды. Қазір қылмыстық іс қозғалып, барлық қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек