Кентаулық Айшакүл Кенжебекова - кез келген техниканың қозғалтқышын бұзып, қайта жинаудың хас шебері. Қазір екі баланың анасы, екі немеренің әжесі трансформатор зауытында жұмыс істейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Хабар 24" телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, зауыттағы барлық техника мен қондырғының істен шыққан қозғалтқышы мотор ораушы Айшакүл Кенжебекованың қолынан өтеді.
Ол краннан бастап, темір кесетін, жонатын, жинайтын, сырлайтын құрылғылардың күйген қозғалтқышын басынан бастап қайта жинап шығады. Шебердің сөзінше, егер бір жерінен мүлте кетсе, қозғалтқыш қосылмайды. Ол кезде бірнеше күнгі еңбек зая кетеді. Дайын болған қозғалқышты да өзі дәнекерлейді.
"Сварка жасау қолымнан келеді. Үйде де дәнекерлейтін жерлер болса оны да істеп кете беремін. Ол маған түк те қиындық туғызбайды", - дейді мотор ораушы Айшакүл Кенжебекова.
Айшакүлдің әріптестері оны адам, маман ретінде сыйлайтынын, жастарға қолынан келгенін бәрін үйрететінін атап өтті.
"Айшакүл - маман ретінде де, адам ретінде де өте жақсы келіншек. Біз осы цехта 10 жылдан аса уақыттан бері бірге жұмыс істеп келе жатырмыз. Өз жұмысын жақсы біледі. Әсіресе, жас мамандарға қолынан келгеннің бәрін үйретеді. Еш жалықпайды. Сондықтан оған бәрі үйірсек келеді", - дейді мотор ораушы Наталья Рупчева.
Айшакүлдің еңбегін зауыт басшылары да бағалайды. Әр мереке сайын сыйақы беріп, көтермелеп отыратындарын айтады. Себебі Айшакүл сияқты мамандар өте сирек дейді олар.
"15 жыл болды бізде қызмет істеп жатқанына. Айта кетейік, қаланың өзінде осындай мамандар өте сирек. 4-5 адам бар, соның бірі - осы кісі. Өте күрделі моторларды орайды. 22 киловатт, одан да жоғарыларын орайды. Сол себептен өте үлкен маман", - дейді цех басшысы Бейсенәлі Жақсылық.
Тағы да оқи отырыңыздар: Баланы қай жаста шахматқа беру керек?
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!