Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев автокөлікті қыздыру бойынша тәжірибе жүргізіп, нәтижесін әлеуметтік желіде бөлісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кеше министр Нысанбаев солтүстік аймақтар үшін көлікті қыздыруға бес минут жеткілікті екенін айтты. Ол тіпті көлігін түнде далада қалдырып, таңертең тәжірибе жасауға уәде берген болатын.
Тәжірибе нәтижесін министрдің баспасөз қызметі бөлісті. Видеоны уәде еткендей әлеуметтік желіге салды.
Видеода ведомство басшысы қыздыруға 5 минут кеткенін көрсету үшін телефонға таймер орнатты. Алайда оның көлігі қаншалықты қыздырылғаны белгісіз.
"Жалпы мен 50 градус қозғалысты бастау үшін жеткілікті деген пікірді ұстанамын. Бірақ бір шарт бар, егер сіз температураны 50 градусқа дейін жеткізсеңіз, онда қозғалыс басталғаннан кейін баяу жылдамдықпен 5 минут жүре аласыз. Бірақ 50 градус қалыпты", - деп түсіндірді Нысанбаев.
Автокөлікті қыздырудың үшінші минутында министр "қозғалтқыш алғашқы минуттармен салыстырғанда жұмсақ жұмыс істеп тұрғанын" айтты. Бұл ретте Нысанбаев қозғалтқыштың қаншалықты қызғанын көрсетпеді, бірақ бес минуттан кейін жүріп кетті.
Еске салайық, бұған дейін енді қазақстандықтар көлікті 5 минуттан артық қыздырса, айыппұл төлейтіні хабарланды.
Бұл ереже бойынша айыппұл мөлшері - 5 АЕК (2025 жылы 19 660 теңге), ал қайталанған жағдайда 10 АЕК (2025 жылы 39 320 теңге) болады.
Алайда депутат Серік Ерубаев көлікті 5 минуттан артық қыздырғаны үшін айыппұл салатын норманы қайта қарауды ұсынды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!