Бес ай бұрын арақ ішіп, жұмысынан қуылған ауыл әкімі қайта сайланды

Арақ ішкені үшін жұмысынан қуылған Павлодар облысы Әлкей Марғұлан атындағы ауыл әкімі Бауыржан Бозтаев қайта сайлауға түсіп жеңіп шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

 46 жастағы Бауыржан Бозтаев қаңтар айындағы сайлауда басым дауыспен жеңіске жетіп, Марғұлан ауылына әкім болып тағайындалды. Алайда арада екі ай өтпей жатып оның жұмыс орнына ішімдік ішіп келгені әшкере болды. Оның тәртібін облыстық әдеп жөніндегі комиссия қарап шенеунікті "әкім болуға лайық емес", деп қызметінен алу жөнінде Екібастұз қаласының әкімдігіне ұсыныс енгізілді. Сол сезде Бауыржан Бозтаев суық тиіп қалған соң дәрі ретінде ішімдік тұтынғанын мойындаған. Соған қарамастан, оны қызметінен кетірді. Осы жолы 4-маусымда өткен ауыл әкімінің сайлауына кандидатурасын қайта ұсынған Бозтаев, тағы да жеңіп шықты.

"Сайлауда өзін өзі ұсыну жолымен үш кандидат бақ сынады. Олар: Бозтаев Бауыржан Кенжетайұлы, Мұқашева Роза Айдарханқызы және Сұлтанов Аманжан Ерланұлы. Бозтаев Б.К – 101 дауыс, Мұқашева Р.А – 48, Сұлтанов А.Е – 15 дауыс алды. Академик Әлкей Марғұлан ауылы әкімін сайлау қорытындысы бойынша өзін өзі ұсынушы 1976 жылы туған Бозтаев Бауыржан Кенжетайұлы сайланды", - делінген Екібастұз қалалық аумақтық сайлау комиссиясының хабарламасында.     

Е.Базарқұл

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!