Маңғыстауда 100-ден астам шаруа жайылымдық жерінен айырылып қалды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мұнайлы ауданының шаруалары төрт түлігін осы кезге дейін Жетікөл жеріне өріске шығарып келді. Алайда, аталған аумақта 55 гектар жер елдегі жер қойнауын пайдаланудың интерактивті картасы арқылы кәсіпкерге беріліп кеткен.
"Біз және бес ауылдың тұрғындары бұл жерде карьер ашуға үзілді-кесілді қарсымыз. Бізде мал жайылатын жер қалмады. Ауданның бір жағында уран карьері, мына бетінде Қошқар ата улы көлі, күкіртпен улап жатқан зауыт бар. Ал енді тағы карьер ашса, шаңнан көз ашпай қаламыз", - дейді Қызылтөбе ауылының тұрғыны Сағат Қосов.
Шаруалардың айтуынша, олар аталған аумақта карьер ашу жөніндегі қоғамдық тыңдауға шақырылмаған. Сондықтан мүдделі тарап мақұлдап жіберіпті. Былтыр кәсіпкер жер учаскесін қоршап тастаған.
"Жайылымдық жерді кәсіпкерге 10 жылға жалға беріпті. Ол жерді 3 метр тереңдікке дейін қазды. Табиғатқа, қоршаған ортаға орасан зор залал келтірілді. Айнала ала шаң. Біздің шағымнан соң, жерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде қаулы шығарылды",-дейді шаруа қожалығының иесі Ерлан Қозыбағаров.
Алайда, кәсіпкер ауыл әкімшілігін сотқа беріп, жерді қайтарып алған. Жер қатынастары бөлімі мамандарының мәлімдеуінше, карьерді дамытуға арналған лицензиялар тікелей индустрия және инновациялық даму министрлігінде беріледі. Олар жасаған интерактивті картада учаскелер блоктармен анықталады. Жер автоматты түрде бөлінеді.
"Біз жергілікті әкімдік өкілдері бұл процеске қатыса алмаймыз. Лицензия беру немесе бермеу жергілікті атқарушы органмен келісілмейді. Бұл жер жайылым ретінде қолданылып келді. Сондықтан жағдай қиын. Сот жерді беруді міндеттеді. Біз апелляциялық шағым түсіреміз", - дейді Мұнайлы аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Бақытжан Орынбасаров.
Әкімдік өкілінің айтуынша, мүдделі тарап саналатын тұрғындардың пікірі сотта ескерілмеген. Айта кететін жайт, ауданда осыған ұқсас тағы бірнеше даулы іс сотта қаралып жатыр. Онда газ бен электр жүйесі тартылып, тұрғын үй құрылысына арналған жер учаскесі карьер қазуға беріліп кеткен. Сондықтан ауыл әкімдігі министрлікке жер учаскелерін беру қағидаларын қайта қарауды сұрап жүгінбек.
Сая Мәжитқызы.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!