26 қарашаға қараған түні Алматыдағы жеке үйлердің бірінде шыққан өрттен бес адам, соның ішінде бір бала қаза тапты. Таңертең Tengrinews.kz тілшісі қайғылы оқиға болған жерге барып, көршілермен тілдесіп, сол түні олардың не естіп, не көргенін біліп қайтты.
Өрт Алматының Бостандық ауданындағы жеке секторда, Rams City тұрғын үй кешенінің маңында болған. 26 қараша күні таңертең Tengrinews.kz тілшісі қайғылы оқиға орнына барды.
Фото © Tengrinews.kz / Светлана Антонова
Өртенген үйдің жанында шұғыл қызметтер жұмысын жалғастырып жатыр. Оқиға орнында өрт сөндіру машинасы мен қызметтік көліктер тұр. Мамандар аумақты тексеріп, оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Тілшіміздің айтуынша, көшеде әлі де күйік иісі шығып тұр. Полицейлер аумақты жан-жағынан қоршауға алып, өртенген үйге баратын жолдарды жауып тастаған. Жақындау мүмкін емес – қоршаудан ешкімді өткізбейді.
Tengrinews.kz тілшісі көрші үйлердің тұрғындарымен сөйлесті. Жұрт бес адамның қаза тапқанын айтқанымен, өрт шыққан үйде нақты кімдер тұрғанын дөп басып айта алмады.
"Түнде бес адам опат болды. Бүкіл отбасы қайтыс болды. Өрт сөндіру машинасы тұрған жерде қазір ешкім жоқ. Олар көшіп кеткен болатын", – деді жергілікті тұрғындардың бірі.
Көршілердің айтуынша, бұрынғы тұрғындар шамамен екі апта бұрын көшіп кеткен болуы мүмкін. Кейбіреулер бұдан кейін үйдің жалға берілгенін айтады.
Тағы бір жергілікті тұрғын бұл ауданда алты жылдай тұрып жатқанын айтты. Оның сөзінше, өрт болған түні ол отшашуды көрген.
"Түнде, сағат екіге таман отшашу болғанын нақты айта аламын. Оны естідім де, көрдім де, бірақ ол өрт болған жерге аса жақын емес, Розыбакиев пен Журавлев көшелерінің қиылысы маңында атылды", – деді жергілікті тұрғын.
Әйел өрт туралы тек таңертең ғана білген. Сонымен қатар түнде өрт сөндіру машиналарының дыбысын естіген. Ол бұл ауданда тұрған алты жыл ішінде отшашуларды жиі еститінін де айта кетті.
Өрт туралы хабарламалар әлеуметтік желілерде түнде-ақ пайда бола бастады. Қолданушылардың бірі Rams City тұрғын үй кешеніне қарама-қарсы үйдің өртеніп жатқанын жазды. Жазба авторының айтуынша, оқиға орнынан айқайлаған дыбыстар естілген.
"Алматыда шамамен 15 минут бұрын Rams City ТҮК қарсы бетінде өрт басталды. Адамдар қатты айқайлады", – делінген хабарламада.
Ауданның басқа тұрғындары да айқайлаған дауыстарды естіп, шұғыл қызметтерді шақырғанын айтты. Қолданушылардың бірі өрттің салдарын өз көзімен көргенін мәлімдеді.
"Біз қарсы беттегі көршіміз. Шұғыл қызметтерді шақырдық. Мен өртеніп кеткен баланы көрдім, содан бері көз іле алмай отырмын", – деп жазды ол.
ТЖД мәліметінше, өрт туралы хабарлама сағат 03:44-те түскен. Өрт сөндірушілер төрт минуттан кейін жеткенімен, ол кезде жалын үйді толық шарпып үлгерген. Өртті сөндіруге 35-ке жуық құтқарушы мен тоғыз техника жұмылдырылды. Сағат 04:42-де өрт толықтай сөндірілді.
Қайғылы оқиғадан кейін Алматы полициясы қылмыстық тергеуді бастады.
"Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өрттің себебі мен адамдардың өліміне не түрткі болғаны анықталып жатыр", – деп хабарлады полиция.
Өрттің шығуына не себеп болғаны әзірге белгісіз.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз