Бес адам зардап шеккен: Павлодар облысында дауыл салдары жойылып жатыр

Павлодар облысында дауыл салдары жойылып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.

Табиғи апаттан Құдайкөл ауылындағы жүздеген үйге зақым келген. Ондаған отбасы жарық пен сусыз қалған. Қатты жел шатырларды ұшырып, электр желілерін үзген.

Тұрғындардың айтуынша, мұндай жойқын дауыл өңірде біраз жылдан бері болмаған.

"Осында 25 жылдан бері тұрамын. Өмірімде мұндай дауылды бірінші рет көруім. Әр үйге зақым келді. Шатырлар ұшып, қоршаулар құлады. Үйімнің қабырғасы терезесімен бірге құлап қалды", - деді Құдайкөл ауылының тұрғыны Қайыржан Омаров.

Бес адам медициналық көмекке жүгінген. Арасында балалар да бар.

"Қазір барлық тиісті қызметтің жұмысы ұйымдастырылып, зардап шеккен үйлер бағаланып жатыр. Барлығы аяқталғаннан кейін тиісті шешім қабылдаймыз. Міндетті түрде әр үйге көмек көрсетіледі", - деді Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекин.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз