- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Берлинді алған қазақ...
Берлинді алған қазақ солдатының естеліктері жарияланды
Тасым Әбішұлы - соғыс жылдарында Украина, Беларусь майдандарына қатысып, фашистерді Берлинге дейін тықсыра қуып, жеңіс туын Берлинге тіккен жау жүрек жауынгерлердің бірі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Зеңбірек командирі, артиллерия аға сержанты болған Тасым Әбішұлы ІІІ-дәрежелі Даңқ орденімен, "Ерлігі үшін", "Берлинді алғаны үшін" және басқа да медальдармен наградталған. Тасым Әбішұлы бейбіт заманда Атырау облысының Қызылқоға ауданындағы Кенбай кентінде бастауыш мектеп ашқан. "Ақшелек", "Алғабас", "Жаңаталап" ұжымшарларының балаларын бір орталыққа шоғырландырып, 40 орындық интернат ашқан. Тасым Әбішұлы осылайша жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруге белсене атсалысып, "Қазақ ССР-і халық ағарту ісінің озық қызметкері" атанды. Көзі тірі кезінде естеліктерін жазып қалдырған жауынгер күнделігі қолымызға түскен еді.
Майданға Азов теңізі жағасынан кірістік
... 1941 жыл. 22-ші маусым. "Соғыс басталды! Жау әскері тұтқиылдан шабуылға шықты!" деген қаралы хабар қардан жаман борап жатты. Біз сол жылдың күзінде Оңтүстік-Батыс майданына аттандық. Азов теңізі жағасындағы Приморская стансасынан соңымыз түсіріліп болмай жатып, ұрысқа кірісіп кеттік. Бұл кезде мен Кеңес әскері базасындағы нөмірі 129-шы зениттік артиллериялық полктің құрамында болатынмын.
Шегіну — ең ауыр, ең ұятты нәрсе
Оңтүстік - Батыс майданы. Ростов облысының Таганрог маңы… ызғарлы кейіп, қатулы қабақтар… Бұл шарасыздықтан шегінген кездегі командирден бастап, қатардағы солдаттардың көңіл-күйін "суреттеген" түрім. Басқаша айту мүмкін емес. Өйткені, жаудың күшті қаруы алғашқы жылдары бізді кәдімгідей тықсыртып бара жатты.
Шегіну — соғысып жүрген адам үшін ең ауыр, ең ұятты нәрсе. Біз алғашында қай ұрыста да шегінуге мәжбүр боп жүрдік. Өйткені, қуатты техникаға аз ғана күшпен төтеп беру мүмкін емес-тін. Қапаландық. Қайғы ойладық. Көңілде мұң, көзде жас толы еді. Шиеттей бала-шағаның, ұлардай шулаған ана атаулының қорғансыз күйі артта қалғаны жанымызға қатты бататын. Сол үшін біз ЖЕҢУГЕ тиіс едік…
Ростов түбіндегі ұрыс
Бірде Терістік Кавказдың қақпасы боп саналатын Дондағы Ростов қаласында генерал Кузьмин дивизиясының құрамында жанқиярлықпен соғысып жаттық. Қарша бораған оқ пен жер-жерде жарылған миналар біраз окобымызды тас-талқан етті. Қара түтін, ыңырсыған солдаттар, жолындағысын түгел таптаған танкілер, қарша жауған оқ… миымызға миллион ине қадалғандай… бір минут оқ атпасаң жау жапырып, дүниенің әлем-тапырығы шығатындай… жанталасып жатырмыз.
Қиян-кескі ұрыс. Ұят та болса айтайын, жау күшінің басымдығынан қарашаның 19-нан 20-на ауған түні қаланы тастап, Доннан өтіп кетуге мәжбүр болдық. Шығын өте көп еді. Күні кеше бірге жүрген қаруластарымыздың көп бөлігінің қазаға ұшырауы қабырғаны қақыратып кетті. Біз оларды жерлей алмадық…
Көпке созбай Батайск маңына шоғырланып, күшті қайта топтап, бір аптаға жетпей Ростовты қайта азат еттік. Жауды Таганрогке дейін тықсырта қудық. Жау жерінде жерлеусіз қалған жауынгерлеріміз үшін дұшпаннан осылай кек алдық…
Шабуылда жарақаттанғаныма қуандым!
1942 жылдың күзі. Терістік Кавказ майданында жауды ығыстырып, шабуылда жүрген кезімізде жеңіл контузия алып, госпитальға түстім. Шегіністе емес, шабуылда жүргенімде жарақаттанғаныма қуандым. Шабуылдың аты — шабуыл! Ол рухтандырады! Ол жігерлендіреді!
Сөйтіп, 1943 жылдың ақпанында ұрыс даласына қайтып оралдым. 323-ші атқыштар полкінің батареясына бөлімше командирі боп бекітіліп, Донбасс қорғанысына келдім. Бекініс жаз айының ортасына дейін біздің қорғауымызда болды. Сосын шабуылға шықтық. Жігері мықты жауынгерлер мен миномёт. Қолдағы қаруымыздың бары осы еді. Біздің жігіттер жарады. 18-19 күн бойы дамыл таппай соғысып, алға жылжыдық. Қосымша күш күткен едік. Бірақ, уәде етілген танкі де, ұшақ та көрінбеді. Бастысы, біз анталаған жаудан қорғанысты аман алып қала алдық.
Бір күні дивизияның саяси бөлімінің уәкілі, подполковник Китаев келіп, "біз өз учаскемізде командованиенің жауынгерлік тапсырмасын бұлжытпай орындадық!" деп, арқамнан қағып жатты. Түк түсінбеген мен "біз сонша не істеп едік?" дей бердім. Сөйтсек, Курск, Орёл, Белгород шайқастарының қалай болғанын, жауынгерлеріміздің тамаша жеңіске жеткенін білдім. Қатты қуандық. Одан сайын рухтана түстік. Оның үстіне, аз ғана қолмен, жеткіліксіз қарумен, қосымша күшсіз Донбас қорғанысын аман алып қалғанымызды басшылық жоғары бағалапты. Китаев осыған қуанған екен. Мен жігері мықты жігіттеріме ырза болдым…
Вильнюсті әуе ұрыстарынан қорғадық
Атышулы "Украин" майданы. Бүкіл Донбасты босатып, Запорожье облысының шығыс жағынан өткен кезде ауыр жараланып, Астрахан қаласындағы әскери госпитальге ұзақ уақытқа емделуге жіберілдім. Жаны ашығандар елге оралуға мүмкіндік барын айтып, жарақатымның ауырлығымен қорқытқан болды. Бірақ, менің шешімім айқын еді. Саулығымның толық түзелгенін күтпестен, майданға сұранып, ұрысқа қойып кеттім. Бұл жеңіске бір жыл қалған уақыт, яғни, 1944 жыл еді. Краснодар қаласындағы №20-шы зениттік артиллерия дивизионының зеңбірек командирі боп тағайындалдым. Бұл өзі еңсеміздің тіктеліп, ерік-жігеріміздің тасыған кезі-тұғын. Өйткені, Совет Армиясы барлық майданда жаппай шабуылға шығып, гитлершіл басқыншыларды елден қуып жатқан болатын. Ұрысқа ерекше құлшыныспен кірісіп кеттім. Бірақ, жау әлі күшті еді.
Осы жылдың жазында біз Литва Республикасының астанасы Вильнюс қаласын әуе шабуылдарынан қорғап тұрдық. Бірде фашистердің жүздеген бомбалаушы самолеттері осы қалаға тұтқиылдан шабуыл жасады. Жердегіге қарағанда әуе соғысында қауіп те, қатер де көп болады. Мұндайда жау ұшқыштарының айласын ажыратып білу қиын. Бірақ, біз тосылмадық. Жаңбырша жауған бомбаға қарамастан, жаудың бірнеше самолетін атып түсірдік. (Осы жауынгерлік ерлігі үшін майдангер ІІІ-дәрежелі "Даңқ" орденімен марапатталған)
Жау ақырғы демін аларда күшті қарсылық көрсетті
Соғыс жылдары талай ұрыс, талай шайқасты көрдім. Бірақ, дәл мынадай қиян-кескі ұрыстарды бұрын-соңды көргенім жоқ. Өйткені, ақырғы демін алар алдында жанталасқан жау, айбат шегіп, күшті қарсылық көрсеткен еді. Әңгіме Белоруссияны, Литваны, Шығыс Пруссияны жаудан тазартқан кездегі жан алып, жан беріскен ұрыстар жөнінде болып отыр. Әсіресе, Шығыс Пруссияны жаудан азат ету оңай болмады. Бұл 1945 жылғы қаңтардың ортасы еді. Тығыз топтасқан, мықты бекінген жау жойқын қимылмен қарсыласып бақты. Бірақ, біз фашистер қорғанының 3-4 шақырымын бұзып өтіп, тереңдей бердік.
Одер өзенінен өткен кезіміз есімнен кетпейді. Әуеден бомба жаудырған ұшақтар, зеңбіректер, жан дәрменмен өзеннен өтіп жатқан біздер… қан сасыған ұрыс даласы. Итшілеп жүріп, өзеннің арғы бетіне өткенде ғана байқадық, жердің астан-кестеңі шығыпты. Айналаны тұмшалаған қою түтін күннің көзін жауып жіберіпті. Оққа ұшып жатқан ұшақтардың кімнің батареясына, кімнің дивизионына, кімнің полкіне қарасты екенін айырып-білу мүмкін емес.
Бұл ҰЛЫ ЖЕҢІСТІҢ жасы еді...
Осылай ірілі-ұсақты шабуылдар жасап, жау басып алған жерлерді азат етіп жүргенімізде Эльба өзеніне жеттік. Бұл 1945 жылдың 7-ші майы еді. "Берлин құлапты!" деген хабарды естідік. Шыны керек, жүрегіміз жарылардай қуандық.
Осы кезде тоз-тоз болған жау әскерлері шұбырып кеп, тұтқынға өздері түсіп жатты. Фашистердің бойындағы бұрынғы айбар, бұрынғы сестің бәрі әдірем қалған. Бір-біріне тығылып-ақ барады. Бір қадам айырылғысы жоқ. Арада бір күн өтті. Жоғарғы жақ "жау жаппай берілді!" деген хабар таратты. Сөйтіп, тоғызыншы май күні түске таман, біз ЖЕҢІС оғын аттық. Қуанышта шек жоқ. Күліп те, жылап та, даурыға құшақтасып жатырмыз. Кей солдаттар пилоткаларын аспанға лақтырып, айғайлап әлек… Совет халқының бірлігінің, елдігінің, ерлігінің арқасында келген ҰЛЫ ЖЕҢІС КҮНІ еді бұл…
"Алға!", "Фашистерді соқ!", "Отан үшін, коммунистік партия үшін қаныңды да, жаныңды да аяма!". Әлі күнге дейін осы ұрандар бойыма ерекше рух беріп тұрады. Өйткені, сол бір сұрапыл соғыс жылдары жауды жерімізден қуып, оларды өз территориясында талқандауға күш берген, бізді рухтандырған ұрандар осылар еді. Біз ОТАН үшін күрестік! Отан үшін басымызды бәйгеге тіктік...
Баян Жанұзақова
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы