"Берілген үйді жаман, сапасы нашар демедім". Оңтүстіктен солтүстікке отбасымен көшіп барған Бурахан Дақанұлының үйі өртеніп кетті

Оңтүстіктен солтүстікке отбасымен көшіп барған Бурахан Дақанұлының үйі өртеніп кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл жайлы ол өзінің фейсбук-парақшасында жазды.

"Тіс сынса ауыз ішінде, қол сынса жең ішінде деуші еді, фейсбукті дүрліктіріп қойғаныма кешірім сұраймын.

Иә, кеше түнде, Сергеевкадағы үйім аяқ асты жанып кетті. Жалпы кешеден бері жарық бір өшіп, бір жанып жыпылықтап жүр еді, төбедегі тоқ сымдар тұйықталып, үйдің төбесін жаққан екен. Өрт басталарда үйде қалың ұйқыда едік. Кенет, көрші бөлмеде екі баламмен жатқан әйелімнің жан даусы шыққасын — ұйқылы ояу жетіп барып ем, бөлме бұрышындағы төбеден тамған отты көрдім. Мына кергіш төбе (натяжной потолок) деген бір сұмдық екен. Бір тұтанса болды, біткен жері сол екен. Апыл-ғұпыл балаларды жинап есікті аша қалғанда, желден төрдегі екі бөлме бірден отқа оранды. Жалаң аяқ, жеңіл киіммен атып шықтық. Өрт бірден үдегесін, үйден зат алуға мүлдем мүмкіндік бермеді. Қысқасы, ағаштан салынып, терезесі пластик, сырты пенопластан қапталған үй — 15-20 минутта жанып, жоқ болды. Күллі отбасылық документ,"TAUEKEL"-ге тиесілі құжаттар, киім-кешек, телефон, ноутбук т.б. дүниелер бәрі бәрі бір сәтте құрып кетті. Жалпы, өрт сөндірушілер уақытылы келгенімен ештеңе істей алмады. Өйткені дала қатты жел болғасын, үйдің сау жері қалмаған тұғын.

Өйстіп, бүгін отбасыммен бір ажалдан қалдық. Жалпы дүние жиналады ғой, басымыз аман әйтеуір. Кішкене балаларым сәл шошып қалғаны болмаса, дым зақым алған жоқ. Жергілікті әкімдік қызметкерлеріне ризамын, Сергеевканың әкімімен қоса өрт сөндірушілер басшысына дейін түнімен жанымызда жүрді. Қысқасы, ешкімге өкпе-ренішім жоқ. Болған жағдайға ешкімді кінәламаймын. Жалпы, бір айдай бұрын үйдің жарығы қайта-қайта өшетінді шығарған, электрик шақырып автоматты ауыстырттым, сол кезде электрик төбедегі сымдарды да ауыстырғаның жөн деп еді. Бұйырса келесі ай ауыстыртайын деп ем, сымдарын алып қойғаныммен, ауыстыртып үлгермедім. Нәтижесі міне осындай болып жатыр. Жалпы бұл үйде 3 жылдай өмір сүрдім. Осы үйге келіп, Солтүстікке көштік, "TAUEKEL"-ді бастадым. Берілген үйді жаман, сапасы нашар демедім, қолымнан келгенше жөндеп, күйін отбасыма жайлы еттім. Солтүстікке келем, көрем деген қанша Қазақты төріне отырғызып, мейман қылдым. Оған осы жерде отырған көбіңіз куәсіз. Қысқасы бұл үйге ризамын өз басым.

Әкімдік тарапынан қолдау шаралары толығымен іске асып жатыр. Бұйырса жақын арада басқа үй алып қалармын.

Қазір бір көшіп келген, үй алуына біз сеп болған Түркістандық азаматтың үйінде жатырмыз. Жалпы, Сергеевкадағы көшіп келген көптеген азамат біздікіне жат, біздікіне жат деп қолқалап жатыр. Осындай қолдауға ие болғаныма мерейім өсіп, бір жағынан марқайып отырмын. Қысқасы, соңғы екі жылымды бос өткізбеген екенмін. Соған бүгін көзім жетті.
Жан жақтан жазба жазып, қолдап жатқан ағайынға, бала шағасының аузынан жырып, жылу жіберіп жатқан ағайынға басымды иемін. Мың алғыс сіздерге. Ризамын", - деп жазды Бурахан Дақанұлы. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!