2000-жылдары қазақ отбасы кешкі уақытын түрік сериалдарымен өткізетін. Юсуф Мероғлы немесе Бериванның тағдырына алаңдамаған жұрт болмады. Кезінде қазақстандықтардың сүйіктісіне айналған түрік сериалдарының актерлері қазір қайда жүр? Massaget.kz тілшісі іздеп көрді.
"Асау жүрек"
"Асау Жүрек" - режиссер Осман Синавтың атыс-шабыс жанрындағы сериалы. Сериал 1998 жылы Show TV арнасында алғаш көрсетілді.
Онда Юсуф Мероғлының бастан кешкен оқиғалары, махаббаты, отбасы баяндалады.
Сол кезде қазақ қыздарының сүйіктісіне айналған Юсуф Мероғлыны Кенан Имирзалиоглу сомдады. Бұл оның телевизиядағы алғашқы ролі еді. Сериал халыққа жол тартқанда 24 жаста болатын.
Қазір Кенан Имирзалиоглу 48 жаста. "Асау жүректен" кейін бірнеше сериал мен фильмге түсті. Бәрі дерлік атыс-шабыс жанрында болды. Кейінгі ролі 2018 жылы түсірілген Mehmed: Bir Cihan Fatihi тарихи сериалы болды. Бүгінде түріктің "Миллион кімге бұйырады?" бағдарламасын жүргізеді.
Сериалда Юсуфтың ғашығы Зейнеп Огуздың ролінде Зейнеп Токуш ойнады. Бұл да Зейнептің телевизиядағы дебюті болатын. Ол кезде жасы 21-де еді.
Телехикая аяқталғаннан кейін 2009 жылға дейін бірқатар сериал мен фильмге түсті. Үш рет отбасы құрды, әр некеден бір баласы бар. Биыл "Махаббат қияметі" фильмінде бір эпизодқа түсті.
Шатырда тұрып, құс асырап, Юсуфқа ақыл-кеңесін айтатын Құсшы да бәрінің есінде шығар. Оның ролінде Эмин Гюрсой ойнады. Сериал аяқталған соң Эмин комедия, драмаларға түсті. Кейінгі кезде тарихи сериалдарға түсіп жүр. 2017 жылы "Сұлтан Сүлеймен" сериалының жалғасы ретінде түсірілген "Көсем" телехикаясында ойнады. Ал қазір "Ертұғырыл" сериалының жалғасы "Осман құрылысына" түсіп жатыр.
Юсуфтың сол кезде сәнге айналған биі мен сериал саундтрегін естеріңізге саламыз.
"Қыналы қар"
"Асау жүректен" кейін қазақстандықтар жаппай "Қыналы қарды" көрді. Қыналы қар аулының тұрғындары, Әли мен Назардың махаббаты, Қамбар мен Зехра, Жаппар - бәрі де естеріңізде болар.
Бұл сериал 2002-2004 жылдар арасында түсірілген. Үш маусымнан тұратын хикаяның сюжеті бойынша, мұғалім Әли Йылмаз Ыстамбұлдан Қыналы қар аулына көшіп келеді де, сондағы Назар есімде қызға ғашық болып қалады. Ал олардың арасына Жаппар төре түседі.
Сериалда Әлиді әнші Эмра сомдады. Ол 80-жылдары ән айтып, бала кезінен жұлдыз болған. Бүгінде 51 жаста. Эмра қазірге дейін 24 альбом шығарған. "Қыналы қардан" кейін "Үлкен өтірік", "Ант" деген драмалық сериалдарға түскен.
Ал Назарды сериалда Озлем Конкер сомдады. Ол - бүгінде түрік сериалдарының жұлдызы. Кейінгі рольдері оның танымалдығын арттыра түсті. "Қарагүл" романтикалық сериалында екінші пландағы актриса болса, "Пайитахт: Абдулхамид" тарихи сериалында басты рольдердің бірін алды. Бүгінде жасы 49-ға келді.
Мұстафа Авкиран сериалда Жаппар төрені сомдады. 59 жастағы актер әлі де сериалдарға түсіп жүр. Жанры әртүрлі - комедия, драма, шытырман оқиға. Былтыр "Ішімізден бірі" атты комедиялық сериалға түсіпті.
"Қыналы қарды" айтсақ, Қамбар туралы да айта кеткен жөн. Оның ролінде Мұрат Далтабан ойнаған. Ол бүгінде де сериалдарға белсенді түсіп жүр. Биыл ғана "Тыңда мені" сериалына түсті. Кейінгі екі жылда үш сериалға түсіп тастаған. Одан бөлек, Мұрат Далтабан Ыстамбұлда DOT театрын құрған, Нилюфер театрының шығармашылық жетекшісі.
"Бериван"
"Қыналы қардан" кейін ел қазақстандықтар "Бериван" сериалынан көз алмады. Бір-біріне жау екі адамның дұшпандығынан Бериван зардап шеккеніне бәрі жылаған еді.
Бериванның рөлінде Сибель Кан ойнаған еді. Карьерасын биші ретінде бастаған Сибель кейін әншілікке бет бұрып, бүгінде актриса атанды, одан қалды тележүргізуші. Жасы 52-ге келді. Сибель 1987 жылдан бері тұрақты түрде альбом шығарады. Бүгінде 24 альбом шығарып тастаған - кейінгісі 2020 жылы жарық көріпті.
Қазірге дейін ол 13 сериалға түскен, ал бүгінде Songs Tell Us музыкалық бағдарламасына қатысып жатыр.
"1001 түн"
Бұл сериал да кезінде халықтың ілтипатына бөленген. Қаладағы сәулет бюросының директоры Онур мен дизайнер Шехрезаттың махаббатын бәрі тамашалаған.
Бұл сериалда Шахрезатты жас актриса Бергюзар Корель сомдаған. Бұл актрисаның үлкен фильмдердегі дебюті "Көкжалдар мекені. Ирак" фильмінде болған. Кейін осы "1001 түн" сериалынан кейін танымал бола бастаған. Одан кейін "Бітпейтін ән", "Сүлеймен сұлтан", "Қарадайы" сериалдарына түскен.
Ал Онурдың ролінде Халит Эргенч ойнады. "1001 түн" сериалынан кейін ол бүгінде бүкіл әлем тамашалаған "Сүлеймен сұлтан" сериалында басты рольде болды. Одан кейін Корель екеуі бірге "Отаным сенсің" сериалына түсті.
Халин мен Бергюзар "1001 түн" сериалынан кейін 2009 жылы отау құрған. Отбасы бүгінде үш бала тәрбиелеп отыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!