Мәжіліс депутаты Айдарбек Ходжаназаров өзінің партияласы, Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған шабуылға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәжіліс дәлізінде журналистер Айдарбек Ходжаназаровтан партияласының жағдайы туралы сұрады.
"Бәрі жақсы, дегенмен ол ауыр жарақат алған. Оған үш рет оқ атылған. Мұндай шабуылдан, мұндай атыстан аман қалу өте қиын. Оңалту біраз уақытты алады. Қатты уайымдадық", – деді Айдарбек Ходжаназаров.
Ходжаназаров оқиға бойынша айтылып жатқан нұсқалардың ешқайсына сенбейтінін айтты.
"Менің ойымша, бұл жерде саяси астар жоқ. Бұл – жеке мәселе. Ешқандай нұсқаға сенбеймін. Бұл қарапайым тұрмыстық қылмыс деп ойлаймын. Ол (Берденов – еск.) әзірге жауап бере алмайды", – деді депутат.
Мәжілісменнің айтуынша, Руслан Берденов есін жиғаннан кейін бірден жұмысқа баруға ниет білдірген.
"Ол наркоздан шыға алмай жатып, былай деді: "маған тұру керек, жұмысқа бару керек". Ол ауруханада жатқанын түсінбей жатты", – деді Ходжаназаров.
Еске салайық, 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды.
Полиция мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Кейінірек Руслан Берденовтің жағдайы белгілі болды.
Ол 1985 жылы 6 наурызда Шымкент қаласында дүниеге келген. 2006 жылы менеджмент мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 2009 жылы КИМЭП университетін Іскерлік басқару магистрі (MBA) дәрежесімен бітірді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз