Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық туралы іс бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Бүгінгі сот отырысында куәгерлерден жауап алынып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сот залында қалалық басқармалардың басшылары, әкім орынбасарының көмекшісі, айыпталушының жақын досы және шенеунікке жасалған қастандықтың куәгерлері айғақ берді.
Сотта Берденовке оқ атылған жердің маңында болған куәгерден жауап алынды. Әйел әкімдік қызметкері емес, ол қалалық әкімшілік ғимаратының маңынан өтіп бара жатқан, сол кезде жарылысқа ұқсас қатты дыбысты естіген.
"Бірдеңе жарылғандай шу естідім. Бір-екі рет емес, одан да көп мәрте болды. Басында отшашу деп ойладым. Сөйтсем атыс болған екен", - деді ол.
Әйелдің сөзінше, жараланған Руслан Берденов жерде жатқанын көрген. Ол көмектесу үшін шенеунікке қарай жүгірген.
"Құрбым екеуміз жедел жәрдем келгенге дейін оның жанында болдық. Сырт киімімді шешіп, оның басына қойдық", - деді куәгер сотта.
Сондай-ақ, әйел сол сәтте айыпталушы Ернар Жиембай жақын маңда болғанын жеткізді.
"Атқан адам (Ернар Жиембай - еск.) жерде жатты, оның үстінде ер адам отырды. Кейін ол көтерілуге тырысып, "барып сені өлтіремін. Сенің кесіріңнен ажырасып жатырмыз" деді", - дейді куәгер.
Еске салайық, 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды.
Кейінірек күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Мамырда Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденов шабуылдан кейін алғаш рет мәлімдеме жасады.
Ол 1985 жылы 6 наурызда Шымкент қаласында дүниеге келген. 2006 жылы менеджмент мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 2009 жылы КИМЭП университетін Іскерлік басқару магистрі (MBA) дәрежесімен бітірді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!