Берденовке қатысты іс: сотта куәгерлерден жауап алынып жатыр

Берденовке қатысты іс: сотта куәгерлерден жауап алынып жатыр
Фото: t.me/mazhilis_kz

Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық туралы іс бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Бүгінгі сот отырысында куәгерлерден жауап алынып жатыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Сот залында қалалық басқармалардың басшылары, әкім орынбасарының көмекшісі, айыпталушының жақын досы және шенеунікке жасалған қастандықтың куәгерлері айғақ берді.

Сотта Берденовке оқ атылған жердің маңында болған куәгерден жауап алынды. Әйел әкімдік қызметкері емес, ол қалалық әкімшілік ғимаратының маңынан өтіп бара жатқан, сол кезде жарылысқа ұқсас қатты дыбысты естіген.

"Бірдеңе жарылғандай шу естідім. Бір-екі рет емес, одан да көп мәрте болды. Басында отшашу деп ойладым. Сөйтсем атыс болған екен", - деді ол.

Әйелдің сөзінше, жараланған Руслан Берденов жерде жатқанын көрген. Ол көмектесу үшін шенеунікке қарай жүгірген.

"Құрбым екеуміз жедел жәрдем келгенге дейін оның жанында болдық. Сырт киімімді шешіп, оның басына қойдық", - деді куәгер сотта.

Сондай-ақ, әйел сол сәтте айыпталушы Ернар Жиембай жақын маңда болғанын жеткізді.

"Атқан адам (Ернар Жиембай - еск.) жерде жатты, оның үстінде ер адам отырды. Кейін ол көтерілуге тырысып, "барып сені өлтіремін. Сенің кесіріңнен ажырасып жатырмыз" деді", - дейді куәгер.

Берденовке жасалған шабуыл

Еске салайық, 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды.

Кейінірек күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Мамырда Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденов шабуылдан кейін алғаш рет мәлімдеме жасады. 

Берденов туралы не белгілі?

Ол 1985 жылы 6 наурызда Шымкент қаласында дүниеге келген. 2006 жылы менеджмент мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 2009 жылы КИМЭП университетін Іскерлік басқару магистрі (MBA) дәрежесімен бітірді.

  • Еңбек жолын 2005 жылы "Алматы құс" ААҚ ("Сеймар" тобы) компаниясының бөлшек сауда директоры қызметінен бастады.
  • 2007 жылғы ақпан - 2010 жылғы шілде - Procter & Gamble компаниясының бас логистикалық үйлестірушісі.
  • 2010 жылғы шілде - 2012 жылғы қараша - Eastcomtrans ЖШС жылжымалы құрамды жалдау бөлімінің бастығы.
  • 2012 жылғы қараша - 2018 жылғы мамыр - "Ақ ниет" ЖШС бас директоры.
  • 2018 жылғы қараша - 2019 жылғы сәуір - "Ақ ниет" ЖШС байқау кеңесінің мүшесі.
  • 2019 жылғы сәуір - 2023 жылғы наурыз - Aq niet Group байқау кеңесі төрағасының орынбасары.
  • 2023 жылғы 29 наурыздан бастап Respublica партиясының партиялық тізімі бойынша VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі.
  • Биыл Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget