Берденовке қастандық: Шымкентте сот процесі басталды

Берденовке қастандық: Шымкентте сот процесі басталды
Фото: parlam.kz

Шымкент қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша алдын ала сот отырысы басталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұған дейін хабарланғандай, сотқа ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабы 1-бөлігі ("Адам өлтіруге оқталу") бойынша азамат Ж.-ға қатысты қылмыстық іс түскен.

Аталған іс бойынша басты күдікті – Ернар Жиембай. Бұған дейін оның жұбайы – Луиза Алданова Instagram парақшасында мәлімдеме жасаған. Бірқатар БАҚ-тың жазуынша, Жиембай бұған дейін "Тұрғын үй Шымкент" ЖШС-нің директоры болған.

Еске сала кетейік, биылғы 21 сәуір күні кешке Шымкент қаласы әкімдігінің ғимараты маңында Руслан Берденовке оқ атылған болатын. Ол жараланып, ауруханаға жеткізілді. Күдікті сол жерде ұсталған.

Апаттан кейін әлеуметтік желіде қылмыстың себептері туралы түрлі нұсқалар тарап, оқиғаның тұрмыстық сипатта екені, тіпті қызғанышпен байланысты болуы мүмкін деген хабарламалар жарияланған.

Алайда Шымкент әкімдігі бұл ақпаратты жоққа шығарды. Ресми мәліметке сәйкес, қастандықтың күдіктінің әйелімен болған қандай да бір қатынасқа байланысты жасалғаны – шындыққа жанаспайды.

Бұл туралы Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері басқармасының басшысы Айгерім Жұмақұлова мәлімдеді. Ол күдіктінің жұбайымен полиция департаменті ғимаратында кездескенін айтып, жас әйелдің Берденовпен таныс емес екенін нақтылаған.

Кейін қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек әріптесіне жасалған шабуылға қатысты кейбір деректерді жария етті. Оның айтуынша, оқ атқан адамды шенеуніктің жүргізушісі ұстап берген. Сондай-ақ, Берденовке үш рет оқ атылғаны анықталды.

"Мен аяғымнан тік тұрмын"

2025 жылғы мамырда Руслан Берденов ауруханадан ем алып жатқан сәттен фото мен жазба жариялады. Онда ол бұл жағдайдың өзін, отбасын және жақындарын ауыр соққыға душар еткенін жазды. Алайда осы уақыт ішінде көпшіліктің қолдауын сезініп, сол күштің арқасында күресіп жатқанын жеткізді. Ол барша қолдау білдіргендерге шексіз алғысын білдірді.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет
Logotype Massaget