Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған шабуылға қатысты жаңа деректер шықты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Tengrinews.kz сауалына берген жауабында Шымкент әкімдігі оқиға болған күні Руслан Берденов жиналыстар өткізгенін хабарлады.
Әкімдік мәліметінше, 21 сәуір Руслан Берденов үшін қалыпты жұмыс күні болған. Күндіз ол әкімдіктің аппарат отырысына, сондай-ақ, өнеркәсіп және құрылыс вице-министрінің төрағалығымен онлайн форматта өткен жиналысқа қатысқан. Жұмыс барысында қала әкімінің орынбасары Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты басқарма басшыларымен бірнеше жиналыс өткізген.
Әкімдік өкілдері Берденов сол күні шабуыл жасаған адаммен кездескен-кездеспегенін нақтыламаған.
"Оқиғаға дейін бірнеше күн бұрын Руслан Берденов жұмыс жоспары бойынша қаладағы құрылыс нысандарын аралап, азаматтарды жеке қабылдап, жұмыс комиссиясымен бірге құрылыс инфрақұрылымын дамыту бойынша бірнеше жиналыс өткізді", - деді әкімдіктегілер.
Еске салайық, 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды.
Полиция мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Кейінірек Руслан Берденовтің жағдайы белгілі болды.
Ол 1985 жылы 6 наурызда Шымкент қаласында дүниеге келген. 2006 жылы менеджмент мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 2009 жылы КИМЭП университетін Іскерлік басқару магистрі (MBA) дәрежесімен бітірді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!