Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков Руслан Берденовке жасалған шабуылға қатысты алғаш рет пікір білдірді. Бұған дейін Ернар Жиембай Руслан Берденов әкімді "тапсырыс беруші" ретінде көрсетуді сұрағынын айтқан еді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Тамызда Руслан Берденовті өлтіруге оқталды деп айыпталған Ернар Жиембай сотта жәбірленуші жоғары лауазымды шенеунікті кінәлауды талап еткенін айтты. Кейінірек БАҚ-та сөз болып отырған адам Шымкенттің қазіргі әкімі Ғабит Сыздықбеков екені айтылды.
Астанада өткен брифингте журналистер әкімнен осы мәселеге қатысты пікірін сұрады.
"Біз құқық қорғау органы емеспіз. Сот шешімін шығаратын орган емеспіз. Сондай жағдай болды. Арнайы органдар айналысты. Сот үкімін шығарды. Кінәлі адам жазасын алды. Екіншіден, Берденов ол уақытта жұмыс істегеніне бір айға толар-толмас уақыт болған. ...Маған баспасөз қызметі көрсетіп отырады. Көптеген әңгіме шықты. "Сол кісі келгелі бері қала жарқырай бастап еді" (деген сияқты - еск.). Ондай емес, ол кісі келгеніне бір айға толар-толмас уақыт болған. Енді-енді кірісіп жатқан кезі. Әрі қарай не болғанын өзіңіз білесіз. Әр адам өз ойына құқылы ғой. "Менің қатысым бар" деген нәрсені іштен шығарған өздерінің мәселесі. Қалай қатысым болады оған?! Адам өзін қорғау үшін не істемейді, не демейді?! Сот шешімі шығып, мәселе аяқталды. Сондықтан қайта-қайта көтере берудің қажеті жоқ шығар", - деді әкім ОКҚ-да өткен брифингте.
Берденовке жасалған шабуыл
Еске салайық, 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды.
Кейінірек күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Сот отырысы
2025 жылы 20 тамызда Ернар Жиембай орташа қауіпсіздік мекемесінде 9 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот сотталушыны жәбірленушінің пайдасына 30 АЕК (117 960 теңге) төлеуге міндеттеді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова