Берденовке жасалған шабуыл: күдіктінің әйелі алғаш рет мәлімдеме жасады

Берденовке жасалған шабуыл: күдіктінің әйелі алғаш рет мәлімдеме жасады
Фото: t.me/mazhilis_kz

Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған шабуылдан кейін күдіктінің әйелі алғаш рет мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Луиза Алданова бұл туралы әлеуметтік желіде жазды.

"Көпшілігіңіз біздің отбасымызға қатысты болған оқыс жағдайдан хабардарсыздар. Осы қиын кезеңде мені іздеп, уайымдап, отбасымыз үшін дұға тілеп жүрген барлық жанашыр жанға алғысымды айтамын. Өткен бір ай біздің отбасымыз үшін де ауыр сынақ болғанын жеткізгім келеді. Енді ғана есімізді жиып, өз-өзімізге келіп жатқан жайымыз бар. Әрбір минут, әр сағат, әр тәулік уайымдаумен болдық, жапа шеккен Руслан Берденов мырзаның амандығын тіледік. Жуырда ғана ем-домын алып, ауруханадан үйіне оралғанын естідік. Енді ертерек айығып, елге қызметін жалғастыруын тілейміз", - деді ол.

Сонымен қатар, ол ел арасында тараған қауесетке пікір білдірді.

"Менің жолдасым Ернарды, мені және біздің ата-аналарымызды жақсы білетін адамдар, таныстарымыз, туыстарымыз біздің қандай қарапайым, отбасын бірінші орынға қоятын жандар екенімізді де біледі деп ойлаймын. Сонымен қатар, оларды біздің жат әрекеттерге, жаман істерге бармайтынымызға да сенімді деп білемін. Десе де Ернарымыз жаза басқан екен, қателескен екен... Мен бұл жағдайды тағдырдың сынағы деп қабылдап, барынша сабырмен қарап отырмын. Барлығын Алланың қолына тапсырдым. Ана ретінде тек басымыздың амандығын, бауырымыздың бүтіндігін тілеймін. Сондай-ақ, осы жағдайға менің де қатысым бар деген бастапқыда тараған қауесетті үзілді-кесілді жоққа шығарамын. Ата-анадан көрген тәрбием, бойға сіңген иманым мұндай арсыз қылыққа аттап бастырмайтыны айдан анық", - деді ол.

Берденовке жасалған шабуыл

Еске салайық, 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды.

Полиция мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Кейінірек Руслан Берденовтің жағдайы белгілі болды.

Берденов туралы не белгілі?

Ол 1985 жылы 6 наурызда Шымкент қаласында дүниеге келген. 2006 жылы менеджмент мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 2009 жылы КИМЭП университетін Іскерлік басқару магистрі (MBA) дәрежесімен бітірді.

  • Еңбек жолын 2005 жылы "Алматы құс" ААҚ ("Сеймар" тобы) компаниясының бөлшек сауда директоры қызметінен бастады.
  • 2007 жылғы ақпан - 2010 жылғы шілде Procter & Gamble компаниясының бас логистикалық үйлестірушісі.
  • 2010 жылғы шілде - 2012 жылғы қараша Eastcomtrans ЖШС жылжымалы құрамды жалдау бөлімінің бастығы.
  • 2012 жылғы қараша - 2018 жылғы мамыр "Ақ ниет" ЖШС бас директоры.
  • 2018 жылғы қараша - 2019 жылғы сәуір "Ақ ниет" ЖШС байқау кеңесінің мүшесі.
  • 2019 жылғы сәуір - 2023 жылғы наурыз Aq niet Group байқау кеңесі төрағасының орынбасары.
  • 2023 жылғы 29 наурыздан бастап Respublica партиясының партиялық тізімі бойынша VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі.
  • 2023 жылғы наурыздан бастап VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып Respublica партиясының партиялық тізімі бойынша сайланды.
  • Биыл Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget