Шымкент әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек әріптесі Руслан Берденовке жасалған шабуылдың егжей-тегжейін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол 21 сәуірде оқиға болған кезде Шымкент әкімі, оның барлық орынбасары, аппарат басшылығы өз орындарында, яғни қалалық әкімшілік ғимаратында болғанын мәлімдеді.
"Жедел жәрдем, полиция шақырдық. Руслан Берденов шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Қылмыскер сол жерде ұсталды. Бірінші клиникада Берденовке ота жасалды, ол ұзаққа созылды. Қала әкімі, біз, орынбасарлары ота аяқталғаннан кейін ғана ауруханадан кеттік", - деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары.
Сәрсен Құранбек әкімдік пен баспасөз қызметі не үшін болған оқиғаға ұзақ уақыт пікір білдірмегенін түсіндірді.
"Себебі қылмыс болған жерде біздің өкілеттігіміз жүзеге аспайды, ол жерде полиция органдары жұмыс істейді. Сондықтан қылмыстық іс бойынша барлық пікір полицияның құзыретінде, ал денсаулығы бойынша пікір денсаулық сақтау саласының құзыретінде. Қазір тергеу жүріп жатыр. Барлығы прокуратураның бақылауында. Сұрақтарыңыз барын түсінеміз, бірақ ол адам неге қылмыс жасағанына пікір білдіре алмаймыз. Тергеу барысына әсер етпеу үшін ешқандай ақпарат бере алмаймыз. Тергеу аяқталғаннан кейін іс сотқа берілген сәтте Полиция департаментінен барлық қажет ақпаратты ала аласыздар", - деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары брифинг барысында БАҚ өкілдеріне.
Сәрсен Құранбек шабуылдың себептері туралы тексерілмеген ақпаратты таратпауға шақырды және бұл іс бойынша қорытындыны тек тергеу бере алатынын мәлімдеді.
"Қылмыскер мұндай әрекетті не үшін жасағаны туралы әртүрлі қауесет тарап жатыр. Мұның бәрі шындыққа жанаспайды деп санаймыз. Қайталап айтамын, тергеу бұл мәселенің нүктесін қояды. Оның психикалық жағдайы нашар болуы мүмкін, психотроп заттардың әсерінен болуы мүмкін - оны біз айта алмаймыз", - деп түсіндірді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.
Еске салайық, 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды.
Полиция мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Кейінірек Руслан Берденовтің жағдайы белгілі болды.
Ол 1985 жылы 6 наурызда Шымкент қаласында дүниеге келген. 2006 жылы менеджмент мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 2009 жылы КИМЭП университетін Іскерлік басқару магистрі (MBA) дәрежесімен бітірді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!