Берденовқа оқ атқан күдіктіні ұстауға жүргізуші көмектесті – Шымкент әкімінің орынбасары

Берденовқа оқ атқан күдіктіні ұстауға жүргізуші көмектесті – Шымкент әкімінің орынбасары
Фото: кадрлер видеодан скрин

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек Руслан Берденовке жасалған қастандыққа байланысты брифинг барысында оның жүргізушісі күдіктіні ұстауға септігін тигізгенін растады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

23 сәуір күні өткен баспасөз жиынында Құранбек әріптесіне жасалған шабуылдың мән-жайын баяндады. Оның айтуынша, шенеуніктің жүргізушісі қылмыскерді ұстауға көмек көрсетуі мүмкін.

"Мүмкін, күдіктіні ұстауға жүргізушінің де рөлі болған шығар. Бұл – тергеу аясында нақты анықталатын мәселе. Алдын ала болжам бойынша, жүргізуші көлігімен күдіктіге жақындап, ұсталуына жәрдемдескен. Бірақ тікелей ұстау әрекеті полиция қызметкерлері тарапынан жүзеге асырылды", – деді Сәрсен Құранбек.

Сондай-ақ, ол шенеуніктердің қауіпсіздігіне қатысты сұрақтарға жауап бере отырып, зардап шеккен Берденовтің де, басқа да әкімдік басшыларының жеке күзеті жоқ екенін атап өтті.

"Шаһар басшысы Ғабит Әбдімәжітұлының да күзеті жоқ. Біз халықпен емін-еркін араласамыз, ашық жүріп-тұрамыз. Бұған өздеріңіз де күнделікті куәсіздер", – деді әкім орынбасары.

Құранбек шабуылдың себептері туралы түрлі болжамдарды таратпауға шақырып, нақты қорытындыны тек тергеу жасай алатынын айтты.

"Қылмыскердің не себепті мұндай әрекетке барғаны жөнінде түрлі әңгімелер айтылып жатыр. Алайда бұл шындыққа жанаспайды. Мүмкін, оның психикалық жағдайы дұрыс болмаған шығар, не болмаса психотроптық заттардың әсерінде болған шығар – нақтысын айту қиын. Бұл жайында нақты шешімді тек тергеу береді", – деді ол.

Сол күні Мәжіліс отырысынан кейін депутат Айдарбек Ходжаназаров та оқиғаға пікір білдіріп, Берденовке үш рет оқ атылғанын айтты.

Шымкент әкімінің орынбасарына қастандық

21 сәуір кешкісін Шымкент қаласы әкімдігінің ғимараты маңында Руслан Берденовке оқ атылған. Ол жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Қазір дәрігерлердің бақылауында. Күдікті ұсталып, қылмыстық іс қозғалды.

Желіде оқиға орнынан видео да тарады. 22 сәуірде Шымкент полиция департаменті бұл дерек бойынша "кісі өлтіруге оқталу" бабы бойынша тергеу басталғанын растады.

Кейінірек оқиға себептері туралы әртүрлі нұсқалар пайда болды. Солардың бірі – шабуылдың тұрмыстық, қызғанышқа байланысты сипатта екені. Алайда Руслан Берденовтің әріптесі Бейбіт Әлібеков бұл болжамды "боттардың арандатуы" деп бағалап, шабуылдың шынайы себебі ретінде "Шымкенттегі құрылыс саласына тәртіп орнату әрекетімен" байланысты болуы мүмкін екенін айтты.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет
Logotype Massaget