Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық туралы іс бойынша алдын ала отырыс өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Сот отырысы барысында судья Әбінұр Қарабаев Руслан Берденовті 6 тамызға белгіленген негізгі сот талқылауына келуге міндеттеді.
Айта кетейік, Руслан Берденовтің өзі алдын ала тыңдауға қатыспады. Оның өкілі қазір әкімнің орынбасары емделіп жатқанын айтты.
Бұл іс бойынша күдікті - Ернар Жиембай. Ашық режимде өткен алдын ала отырыс барысында судья сот процесінде айыпталушы өзін түсіруге қарсы екенін жеткізді.
Еске салайық, 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды.
Кейінірек күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Мамырда Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденов шабуылдан кейін алғаш рет мәлімдеме жасады.
Ол 1985 жылы 6 наурызда Шымкент қаласында дүниеге келген. 2006 жылы менеджмент мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 2009 жылы КИМЭП университетін Іскерлік басқару магистрі (MBA) дәрежесімен бітірді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!