Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық туралы іс бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Бүгін айыпталушы Ернар Жиембай соңғы сөзін сөйледі, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Айыпталушы соңғы сөзінде кінәні ішінара мойындап, жәбірленушіден кешірім сұрады.
"Тағылған айыппен ішінара келісемін. Алайда бұл оқиға өздігінен болған жоқ деп сеніммен айта аламын. Ақыл-есім сау, бұл сараптама нәтижелерімен де расталады. Ешқандай себепсіз бейтаныс адамды қорқыту үшін қару алып, атпас едім. Сот процесінде берген айғақтарымды толық растаймын. Жәбірленуші Руслан Арысбекұлы Берденовтен болған оқиға үшін кешірім сұраймын", - деді ол.
Судья Әбінұр Қарабаев кеңесу бөлмесіне шықты. Бұл іс бойынша үкім жарияланатын уақыт қосымша хабарланады.
Еске салайық, 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды.
Кейінірек күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Мамырда Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденов шабуылдан кейін алғаш рет мәлімдеме жасады.
Ол 1985 жылы 6 наурызда Шымкент қаласында дүниеге келген. 2006 жылы менеджмент мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 2009 жылы КИМЭП университетін Іскерлік басқару магистрі (MBA) дәрежесімен бітірді.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!