Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденов Respublica партиясының тең төрағасы қызметінен кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақпаратты партияның баспасөз қызметі растады. 2025 жылғы ақпанда Руслан Берденов Шымкент әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған болатын.
"Мемлекеттік қызмет туралы" заңның 10-бабы 5-тармақшасына сәйкес мемлекеттік қызметшілер өз лауазымдық өкілетін жүзеге асыру кезінде саяси партиялардан, қоғамдық және діни бірлестіктерден тәуелсіз және бейтарап болуға міндетті. Бүгінде Берденов Respublica партиясының құрылымында қандай да бір басшылық лауазым атқармайды. Бірақ партия мүшесі ретінде қала береді", – деп мәлімдеді партия өкілі.
Бұған дейін Шымкент әкімдігі Руслан Берденов қала әкімінің орынбасары қызметін атқарып жатқанын және денсаулығына байланысты демалыста екенін хабарлаған еді.
Еске салайық, 21 сәуірде Шымкент қаласы әкімдігі ғимараты маңында атыс болды. Салдарынан Руслан Берденов жарақат алды.
Полиция мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Кейінірек Руслан Берденовтің жағдайы белгілі болды.
Ол 1985 жылы 6 наурызда Шымкент қаласында дүниеге келген. 2006 жылы менеджмент мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 2009 жылы КИМЭП университетін Іскерлік басқару магистрі (MBA) дәрежесімен бітірді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз