Белсенділер Атырау тұрғындарына лас ауаға байланысты өтемақы төленуін талап етті

Белсенділер Атырау тұрғындарына лас ауаға байланысты өтемақы төленуін талап етті
Фото: Ернар Алмабек

Белсенділер экологиялық жағынан ауыр жағдайда отырған Атырау тұрғындарына өтемақы төлеуді талап етті. Бұл туралы Атырауда облыс әкімдігі жанынан құрылған қоршаған ортаны қорғауға арналған комиссияның алғашқы отырысында айтылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ақын Сырымбек Сәрсембаевтың айтуынша, экологиялық жағынан жағдайы нашар Қызылорда облысында мұндай тәжірибе бұрыннан бар.

"Атырауды экологиялық апат аймағы деп танып, тұрғындарға өтемақы төлеуді енгізу керек. Себебі облыстың экологиялық ахуалы өте нашар жағдайда және мұндай өтемақы коэффицентін төлеу тәжірибесінің Қызылорда облысында бар екенін атап өткім келеді. Бұл қолдан келмейтін шаруа емес", - деді белгілі айтыскер ақын Сырымбек Сәрсембаев.

Бұл жиында Атырау облысы экология департаменті басшысы Әлібек Бекмұхамбетов өңірдің ауасын ластап жатқан кәсіпорындарды атады. Оның сөзінше, ауаны ластаушы тұрақты көздер қатарында "Атырау Су Арнасы", NCOC, Атырау мұнай өңдеу зауыты бар екен.

Еске салайық, бұған дейін атыраулықтардың ауаны жайлаған күлімсі иіске шағымданып жатқаны хабарланған болатын.

Баян Жанұзақова

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова