Белгісіз демеуші ақтөбелік оқушының АҚШ университетіндегі оқу ақысын төлеп берген

Белгісіз демеуші ақтөбелік оқушының АҚШ университетіндегі оқу ақысын төлеп берген

Ақтөбелік оқушы Раушан Тажимова жасырын демеушінің арқасында American University-де оқу мүмкіндігіне ие болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Раушанның есту қабілеті нашар адамдарға арнап ойлап тапқан SignApp қосымшасы осы оқу орнында білім алуға мүмкіндік берді. Ал Раушанның төрт жылдық оқу ақысын төлеп, грантты қаржыландырған жомарт адам ақтөбелік оқушының осы еңбегін жоғары бағалапты. Жалпы бұл университет ТМД елдері бойынша бір ғана білім грантын бөледі екен.

"Менің арманымды жүзеге асыруға көмектескен өте мейірімді, бейтаныс демеушіге шексіз алғысымды білдіремін. Ол адамның осы сенімін ақтаймын деп ойлаймын. Тегін оқуға мүмкіндік бергені үшін демеушіге алғысымды айтып, университетке хат жаздым. Жомарт адамға менің жылы лебізімді жеткізулерін өтіндім", - деді қуанышын бөліскен Раушан.

Сондай-ақ, Раушанның SAT, IELTS емтихандарындағы жоғары нәтижелері, халықаралық ғылыми жарыстардағы жетістіктері де жоғары бағаланған. Америка консулдығымен бірлескен жобалары да оның осы беделді университетке түсуіне ықпал етті.

"Бұл университеттің көптеген елде филиалдары бар. Мен әр оқу жылында университеттің АҚШ пен Еуропадағы төрт мектебінде тегін оқуға мүмкіндік алдым. Мені қызықтырғаны университеттің бүкіл әлем мойындаған қос ғылыми-шығармашылық диплом бағдарламасы  болды", - деді  Раушан.

Раушан университетке ұсыныс хат жазған ата-анасына, бұл қадамына қолдау білдіргеніне достары мен ұстаздарына алғысын айтты.

American University 1892 жылы Вашингтонда құрылған. Бүгінде АҚШ-тағы  жетекші жоғары оқу орындарының біріне айналды. Университетте Еуропадан шақырылған сарапшылар білім береді.

Кәмшат Сексенбай.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Қ. Әбілдәқызы