Белгісіз біреулер 3 жасар қазақстандықты Түркияда заңсыз ұстаған

Қазақстан Республикасының 3 жасар азаматы Түркиядан туған анасына қайтарылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті ҚР азаматы 3 жасар қыздың өз анасына оралғаны туралы хабарлайды. Баланы Түркия Республикасының аумағында үшінші тұлғалар заңсыз ұстаған.

"Кішкентай қызымыздың аман-есен оралуы үшін орасан зор жұмыс атқарылды. Барлық құзыретті органдар осы процеске тартылып, дипломатиялық арналар арқылы тиісті хаттар жіберілді. Сондай-ақ, көптеген кездесулер мен келіссөздер жүргізілді. Бұл барлық қатысушы тараптардың үйлесімді және кәсіби жұмысының арқасында мүмкін болды. Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын әрбір бала қорғаусыз қалмайды. Біз балалардың туған елінде қауіпсіз, әрі сүйіспеншілікке толы ортада өсіп-өркендеуі үшін бар күшімізді саламыз. Барша қатысушы тараптарға осы маңызды істегі қолдауы мен ынтымақтастығы үшін алғыс айтамыз", - деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.

Айта кетейік, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті халықаралық бала ұрлаудың азаматтық-құқықтық аспектілері туралы Конвенцияны іске асыру жөніндегі уәкілетті орган. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!