Белгілі қазақстандық тележурналист, отандық телевизия ардагері Тілеуқабыл Мыңжасар 74 жасында өмірден озды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол саналы ғұмырының жарты ғасырдан астам уақытын журналистикаға арнады. Кәсіби жолының елеулі бөлігі "Хабар" агенттігімен тығыз байланысты болды. Әріптестері оны тікелей репортаждың хас шебері деп бағаласа, көрермендер мен өңір тұрғындары журналисті "Хабар-аға" деп атап кеткен.
Тілеуқабыл Мыңжасар еңбек жолын 1975 жылы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдағаннан кейін бастады. Сол жылы оның алғашқы телематериалы эфирден көрсетілді. Кейін ол «Хабар» агенттігінің негізін қалаған мамандардың қатарында болды. 1998 жылдан бастап Алматы облысындағы меншікті тілші қызметін атқарды.
Тележурналист Алматы облысын түгелге жуық аралап, ірі қалалардан бастап шалғай ауылдарға дейінгі елдің тыныс-тіршілігін көрерменге жеткізді. Қарапайым халықтың мұң-мұқтажын көтеріп, өңірдің өзекті мәселелерін назардан тыс қалдырмады. Алматы облысында еңбек еткен жылдары бес мыңнан астам репортаж дайындады.
Тілеуқабыл Мыңжасардың журналистикадағы еңбегі мемлекеттік және салалық марапаттармен бағаланды. Журналистикаға арналған елу жыл, мыңдаған сюжет пен өзі тәлім берген бірнеше буын әріптесі – оның артында қалған мол мұрасы.
"Репортаж жанрында біздің Тілеуқабылға тең келер ешкім болған жоқ деуге болады. Ол шынымен де өз ісінің нағыз шебері еді. Ал адам ретінде бізге өте жақын болды. Біз 56 жыл бойы дос болдық. Өзара оны жай ғана Қабыл дейтінбіз. Оның мінезін, кең пейілін, мейірімділігі мен әзілқойлығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ол біз үшін өте қымбат жан еді", – деп еске алды қоғам қайраткері Сауытбек Әбдірахманов.
"Оның әрбір сюжеті бір жарым-екі минуттық кішігірім кино, үлкен тарих сияқты болатын. Оны ел арасында "Хабар-аға" деп атайтын, өйткені ол ауылдарды көп аралайтын. Бірде осындай сапарлардың бірінде бір бала көше бойымен жүгіріп өтіп, бүкіл ауылға: "Бізге Хабар аға келді! Біздің Хабар ағамыз!" – деп жар салған екен. Бұл – көрерменнің берген өте жоғары бағасы", – деді Қымбат Хангелдина.
"Хабар" телеарнасының операторы Қуаныш Түргенбаев та әріптесін жылы естелікпен еске алды.
"Мен Тілекеңмен 15 жылдай бірге жұмыс істедім. Ол өте жарқын, жақсы адам болатын. Корпунктке келген сайын міндетті түрде қалжыңдап, көңіл-күйімізді көтеріп, айналасына жан бітіретін. Тілекеңмен бірге жұмыс істегенімді мақтан тұтамын", – деді ол.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз