Белгілі қазақстандық фотожурналист өмірден өтті

Белгілі қазақстандық фотожурналист өмірден өтті
Фото: facebook.com

Белгілі фотожурналист Болат Омарәлиев өмірден өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұл жайлы қоғам белсендісі Айгүл Сағымбай facebook-парақшасында хабарлады:

"Фотожурналистика саласының майталман маманы, бір өзі бір өңірдің ғана емес, мыңдаған тағдырдың тарихи сәттерінің куәгері, республикаға танымал шежіреші фотограф Болат Омарәлиев ағамыз өмірден өтті деген хабарды оқып, сенгім келмей отыр.

Осыдан 6-7 жыл бұрын Болат аға кабинетіме келген. Флешкасында мыңдаған фото бар екен. Соны отырып іріктедік. Жүрегі жұмсақ азамат болса қағаз бетінде сөйлеп тұрған тарихты көзінің тірісінде кітапқа айналдырсам деген арманы бар еді. Дәл сол сәтте барлығы түлкі бұлаңға тіреп, кітап шықпай қалды. Бір ауыз бірдеңе деп үн қатпаған Болат ағаның сол кездегі күрсінісі әлі күнге құлағымда тұр.

Кейін шықты ма, шықпады ма, хабарсызбын ол жағынан. Болат ағаның 200-ге жуық таңдаулы фотосы менде сақтаулы. Аман-есен жүрсек, алдағы уақыт көрсетер.
Болат аға, бақұл болыңыз", - деп жазды Айгүл Сағымбай.

Болат Шамаұлы Омарәлиев 1948 жылы 15 қарашада Қызылорда облысы Сырдария ауданы Октябрь (қазіргі – Қоғалыкөл) ауылындағы Ызакөл деген жерде дүниеге келген. Белгілі фотошебер. КСРО және Қазақстан Журналистер одақтарының мүшесі.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Жапатова