Астанада "Сандугаш Султан SS LAB" телезертханасы ашылды деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Телевидение саласында жүргеніне 13 жыл болған Сандуғаш Сұлтан өз түйгенін өзгелерге үйрету мақсатында жаңа орталық ашты. «Жетінші арнаның» қолдауымен іске қосылған телезертхана кеше салтанатты түрде ашылды.
Жаңа жобаға Alash Media Group холдингінің басшысы Батыр Казыбаев өз бағасын берді. «Кәсібилік – ұлы іс. Мемлекетте кәсіби мамандар көп болса, елі де мықты болады. Танымал да мықты маман Сандуғаш Сұлтан ашқан зертхана сапалы журналистер дайындап шығаратынына зор сенім білдіруге болады. Медиа саласында өз ісіне шебер мамандар көбейген сайын, ақпараттық көкжиек те кеңейе түседі әрі елдің қауіпсіздік кепілі болады», - дейді ол.
«Соңғы 2-3 жылда достарым, әріптестерім және телекөрермендер тіл техникасымен айналысуымды жиі сұрай бастады. Артынша өз мектебімді ашуға ұсыныс түсті. Тыныс, дауыс, дикция және орфоэпиядан сабақ өткізу әдісімді үш ай бұрын дайындай бастадым. Жұмысын жаңадан бастаған теле және радио жүргізушілеріне әдемі де сауатты сөйлеу қабілетін арттыруға таптырмас мүмкіндік», - дейді Сандуғаш Сұлтан.
Қатысушылардың алғашқы сабағы 20 шілдеде басталды. Тыңдаушылар теория негізінде «Жаңалықтар Студиясынан» кәсіби тәжірибеден өте алады. Сонымен бірге сәтті фотосессия құпиялары мен телевизиялық грим жасау шеберлігін, суырып салып, табанда тауып айту өнерін де үйренеді. Курс бас-аяғы бес аптаға созылады. Ал жақсы нәтиже көрсете алмаған қатысушы барлығын толық меңгергенінше оқи береді.
Курс аяқталған соң емтихан өтеді, фото-видео материалдары жинақталған құжаты мен сертификат табысталады. Тележүргізуші ашылу салтанатында телеарналардан диктор не жүргізуші қызметіне ұсыныс түссе, өз шәкірттерінің студиядағы жазбалары мен портфолиосын ұсынатынын атап өтті.
Алдағы уақытта зертханада операторлық шеберлікпен монтаж да үйретілетін болады. Сабақты қазақ тілінде де өткізу жоспарланып отыр. Оны Гүлназ Ауданбаева мен Ақсәуле Әлжан жүргізетін болады.